Ерекше балаларға арналған балабақша мен мектеп мамандарының жалақысын көтеру ұсынылды
Мектептер мен балабақшаларда жаңа ережелер енгізіліп, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды оқыту және оңалтумен айналысатын мамандардың жұмыс стандарттары өзгереді. Балабақша, мектептердегі және мамандандырылған мекемелердегі дефектологтар, логопедтер және басқа да мұғалімдер жалақысы да өзгереді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның Информбюро жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: zc-mc.ru
Қазақстанда арнайы педагогтардың жалақысы өзгереді. Балабақшаларда мүмкіндігі шектеулі балалар болса, бір балаға жарты мөлшерлемемен, 12-14 балаға толық мөлшерлемемен дефектолог, логопед және басқа да мамандар енгізіледі.
“Бүгінде көптеген мектепке дейінгі ұйымдарда логопедиялық орталықтар жұмыс істейді, онда дефектологтар, логопедтер бар. Сонымен қатар бізде мектеп жасына дейінгі балаларға арналған оңалту орталықтары бар, арнайы балабақшалар мен қарапайым балабақшалар бар, оларда арнайы топтар бар”, – деді оқу-ағарту министрлігінің мектепке дейінгі білім департаментінің директоры Манара Адамова.
Мектептердегі мамандарға да осындай тарифтер енгізілмек. Шымкенттегі №18 мектепте ерекше қажеттіліктері бар 115 бала білім алса, 18 арнайы сынып ашылды. Балаларға дефектологтар, логопедтер, психологтар, ассистенттер және т.б. тағайындалады.
“Ерекше қажеттіліктері бар студенттердің саны көбейсе, бізге дефектологтар, логопедтер, психологтар және т.б мамандар көбірек қажет болады”, – деді директордың түзету сыныптары бойынша оқу-әдістемелік жұмысы жөніндегі орынбасары Мадина Рысқұлова.
Логопед Элеонора Гарифуллина ерекше қажеттігі бар балалармен жұмыс істеу тәрбиелік және психологиялық аспектілерді ескеруді қажет етеді дейді. Бұл – күрделі, бірақ керемет қызық процесс. Мұнда әр балаға жеке көзқарас табу қажет. Қазір бұл салада кадрлар – логопедтер, дефектологтар және әдістемелік көмекшілер жетіспейді. Жастар бұл мамандықтарды сирек таңдайды дейді.
“Мысалы бір жарым мың мектеп бар, ал онда бір дефектолог, бір логопед отырады, ал қаншама патологиясы бар балалар бар. Шағын патологиясы бар болса, оны арнайы мектепке берудің қажеті жоқ. Десе де, сап-сау баланың өзі қосымша қолдауды қажет етеді. Өйткені ата-аналар мен балалар арасында байланыс жоқ”, – деді Шымкент қаласындағы №18 мектептің логопеді Элеонора Гарифуллина.
Белсенділер бұл мамандықтарды дамыту үшін жалақыны көтеру қажет дейді. Әрбір бала жеке көзқарасты талап етеді, ал сабақтардың ұзақтығы оның жағдайына байланысты, сол үшін сараланған еңбекақы жүйесін енгізу керек. Сонымен қатар арнайы мектептер мен балабақшаларда да мамандар тапшылығы сезіледі.
“Білуімше, сурдологтар мен дефектологтар алатын максималды жалақы 200 мың теңгеден аспайды, кадрлардың тұрақсыздығы, жетіспеушілік бар. Сондықтан бүгінгі нақты жағдайдан шығуымыз керек, әр өңірге жиынтық талдау жасау керек. Қандай мамандар тапшы, оларды онлайн режимде оқытуға бола ма, соны көру қажет”, – деді әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық кеңестің мүшесі Гүлнар Омарова.
Сонымен қатар логопед, сурдолог, дефектолог мамандарын дайындау бағдарламаларын қайта қарау қажет дейді. Олардың кейбірі қазірдің өзінде ескірген. Әлемдік тәжірибені енгізіп, құрал-жабдықтарды сатып алып, мамандардың біліктілігін үнемі арттырып отыру қажет.