Ерболат Досаев Түрксіб ауданының тұрғындарымен кездесті
Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев Түрксіб ауданының тұрғындарымен кездесті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ерболат Досаев сөз басында 9 қыркүйекте Түрксіб ауданын аралап шыққанын хабарлады.
“Сапар барысында ескі тұрғын үйлерді жаңарту, Сейфуллин даңғылы мен Үлкен Алматы каналының қиылысындағы көпірді реконструкциялау, Молдағалиев және Чехов көшелеріндегі жаяу жүргіншілер аймағын күрделі жөндеу барысымен таныстым. Сондай-ақ №6 Оқушылар үйін реконструкциялау жөнінде тапсырма бердім. Енді Түрксіб ауданын дамыту бойынша біз қабылдаған шаралар туралы сіздермен бөлісуге рұқсат етіңіздер.
Инженерлік желілерді модернизациялау біздің жұмысымыздағы негізгі басымдықтардың бірі болып қала береді. Осы жылдың тамыз айында "Шуақты" шағын ауданында 400 үйді қамтитын 10 км сумен қамту және 7,4 км су бұру желілерінің құрылысы аяқталды. Келесі аптадан бастап тұрғындар магистральды желіге қосыла бастайды”, – деді әкім.
Сондай-ақ әкімнің айтуынша Тбилисская көшесіндегі 20 мың абонентке қызмет көрсететін 400 метрден астам канализациялық эстакада реконструкциялаудан өтті. Ол болашақта ажырауларды болдырмауға және халық санының өсуін ескере отырып, өткізу қабілетін арттыруға мүмкіндік береді.
“Жыл соңына дейін "Маяк" (сумен қамту 11,5 км, канализация 22,5 км; "Sheber Build" ЖШС), "Әлмерек" (сумен қамту 9,8 км, канализация 10,2 км; "Sheber Build" ЖШС), "Жас Қанат" (сумен қамту 7,8 км, канализация 8,6 км; "Jasyl El Qurylys" ЖШС), "Нижняя Пятилетка" (сумен қамту 115 км, канализация 1,9 км; "Алвис" ЖШС) шағын аудандарында және Закарпатская көшесінде (сумен қамту 4,8 км, канализация 1,6 км; "Қарасай Құрылыс" ЖШС) 6670 абонент үшін 153,4 км су құбыры мен 79,4 км канализация құрылысы аяқталады. Сонымен қатар, асфальттың төменгі қабаты (КЗ) қалпына келтірілуде, 2024 жылдың 2-ші тоқсанында беткі қабаты (МЗ) төселетін болады. 2024 жылдың II-ші тоқсанында "Қайрат" шағын ауданында 40 км су құбыры және су бұру желілерін (сумен қамту 17,3 канализация 19,9 км) салу жұмыстарының 2-ші кезегі басталады”, – дейді Досаев.
Тұрақты электрмен жабдықтауды қамтамасыз ету үшін "Шуақты" шағын ауданында (5,5 км) электр беру желілерін модернизациялау аяқталды. Сондай-ақ осы жылдың желтоқсан айына дейін "Әлмерек" (23,5 км), "Нұршашқан" (18 км), "Қайрат" (120 км) шағын аудандарындағы желілер жаңғыртылады. Содан кейін тұрғындарды "АЖК" акционерлік қоғамы қызмет көрсететін желілерге ауыстыру жүргізіледі.
“Бұған дейін айтқанымдай, "Тұздыбастау" подстанциясының құрылысы аяқталды. Бүгінде жеке учаскелердің меншік иелерімен сервитут шарттары жасалуда, олар арқылы жеткізуші желілер салынатын болады. Жұмыстар биылғы жылдың соңына дейін аяқталады”, – деді ол.