Алматының экс-әкімі Досаевтың жұбайы бір жылда 2 миллиард теңгеден астам табыс тапқан

Фото: Алматы қаласы әкімдігі
Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары Ерболат Досаев 2024 жылға арналған табысы туралы декларациясын жариялады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
2024 жылы Ерболат Досаев Алматы қаласының әкімі қызметін атқарған.
Ол осы уақытта 14 миллион теңге табыс тапқан. Ал оның жұбайы Гүлнар Досаева 2,3 миллиард теңге көлеміндегі кірісті декларациялаған. Forbes.kz дерегінше, ол көпсалалы халықаралық компания – Lancaster Holding-тің тең құрылтайшысы. Сонымен қатар Гүлнар Досаеваның бөлшек сауда саласында жұмыс істейтін “G and G Гламур” ЖШС мен “GGonline” ЖШС-да үлестері бар.
Президент Әкімшілігінің өзге де қызметкерлері отбасыларының декларацияланған табыстары:
-
Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Ғизат Нұрдәулетовтің жұбайы – 24,9 миллион теңге;
-
Президенттің көмекшісі Қуанышбек Есекееевтің жұбайы – 48,3 миллион теңге;
-
Президенттің кеңесшісі Алексей Цойдың жұбайы – 1 миллион теңге;
-
Мемлекеттік инспектор Батыржан Байжумановтың жұбайы – 2,6 миллион теңге.
Бұған дейін Қазақстанның бірнеше министрлігінің сайтында шенеуніктердің алғашқы декларациялары жарияланған еді. Алайда ол құжаттарда олардың жұбайларының табыстары ғана көрсетілген. Арасындағы ең ірі сома – 88 678 984 теңге. Бұл соманы премьер-министрдің орынбасары, ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің жұбайы Сания Садықова декларациялаған. Құжатқа сәйкес, бұл қаражатты саясаткердің жұбайы бағалы қағаздар нарығындағы инвестициялардан алған.
2025 жылғы 1 қаңтардан бастап саяси мемлекеттік қызметкерлердің табысы туралы декларацияны жариялау міндетті. Шенеуніктер бұл деректерді желтоқсан айының соңына дейін ашық түрде жариялауға тиіс еді.
"Әлемде мейірім барына сендіретін жандар": 2025 жылғы жан жылытар әрекеттер мен халықты тәнті еткен қазақстандықтар