Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ер адам жұмысында бір жыл бойы ауырып жүргенсіп, сол уақытта екі мейрамхана ашып алған

Фото: Mothership

Тайванда бір жылға жуық уақыт бойы өзін ауру адам ретінде көрсеткен жағалау күзетінің құтқарушысы жұмыстан шығарылды. Ол сол уақыт аралығында жалақысын алып жүріп, екі теңіз өнімдері ресторанын ашқан. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Mothership басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

29 жастағы Линь есімді ер адам 2024 жылғы 21 қарашада ауруханаға барып, ұзақ мерзімді үй жағдайындағы ем қажет деген анықтама алған. Басшылығы оны еңбекке уақытша жарамсыз ретінде рәсімдеп, ай сайын 56 мың жаңа тайвань доллары көлемінде жалақысын төлеп отырған.

Содан бері Линь үш рет ауру демалысын ұзартқан, себебі ретінде мазасыздық пен депрессиялық бұзылысқа шалдыққанын көрсеткен.

Алайда жақында белгілі болғандай, ол 2024 жылдың өзінде-ақ Тайванның солтүстік-батысындағы Синьчжу қаласында екі теңіз өнімдері ресторанын ашып, оларды табысты түрде басқарып келген. Сол уақытта ол жағалау күзетінен шамамен 600 мың жаңа тайвань доллары көлемінде жалақы алып отырған, бірақ бір күн де жұмыс істемеген.

Бұл жағдай белгілі болған соң, Линь дереу жұмыстан босатылды. Қазір бұл істі прокуратура тергеп жатыр.

Блогер әуе компаниядан ақшасын қайтарып алу үшін өзін қағаз жүзінде "өлген адам" деп жариялаған

Еске салайық, бұған дейін мұғалім 16 жыл бойы еңбекке жарамсыздық демалысында болып, жалақы алып келгенін жазған едік. Дуйсбургтегі мектепте сабақ берген ұстаз 2009 жылдан бері үйінде болғанымен, өңірлік заңға сәйкес, мемлекеттік қызметкер ретінде ай сайынғы жалақысын алып келген. Оның табысы салық ұсталғанға дейін 5 051-6 174 еуро аралығында болған. Жыл сайын ол жеке дәрігерлерден жаңа анықтама алып, ауру демалысын ұзартқан. Құжаттарда нақты диагноз көрсетілмеген, бірақ психиатриялық сырқат екені белгілі. 2024 жылдың сәуірінде оған мемлекеттік дәрігерге тексерілуге бұйрық берілген, алайда ол бас тартып, бірнеше рет шағымданғанымен, барлығын сот қабылдамаған.

Айым Атамбаева
Сенбі, 01 Қараша, 2025 19:31
Талқылау