Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Енесі бауыздап өлтірген": Германияда көз жұмған судьяның анасы жантүршігерлік деректерді айтты

Фото: скрин видеодан

Айгүл Сайлыбаева 2024 жылдың 3 маусымында хабарсыз кетіп, 16 маусымда оның пышақталған денесі Германияда пластикалық қапшыққа салынған күйі табылған еді. Экс-судьяның өліміне басты күдікті ретінде оның енесі Наталья Данцова танылды, ал күйеуіне қылмысты жасыру фактісі бойынша іс қозғалды. Алайда бүгінге дейін күдіктілер қамауға алынбаған. Кейінірек анасы мен ұлы Мәскеуде тұрып,  жұмыс істеп жүргені анықталды. Әділдікке жете алмай жүрген марқұмның анасы Шолпан Батқалова қызының өліміне қатысты жантүршігерлік деректерді ашып айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Айгүл Сайлыбаева "Болашақ" бағдарламасының түлегі, жоғары білім алып, кейін мемлекеттегі құқық саласында қызмет еткен. Шетелде оқып жүрген кезінде ол Талдықорған қаласының тумасы Александр Данцовпен танысқан. Александр Айгүлге үйленуге ұсыныс жасағанымен, оның ата-анасы бастапқыда бұл некеге қарсы болыпты. 

Фото: жеке архивтен

“Айгүл менің екінші қызым. Ол жастайынан білімді, сабырлы әрі ақылды болып өсті. Мінезі өте жұмсақ, ешқашан ата-анасына ауыртпалық салмайтын, өз мәселесін өзі шешуге тырысатын қыз еді. Сот саласында бірнеше жыл қызмет атқарған соң, шетелге оқуға түсті. Біз оған "оқуың жақсы, бірақ енді тұрмысқа шығатын уақыт болды" деп жиі айтып жүрдік. Ал Айгүл болса: "әуелі білімімді толықтай аяқтап алайын, содан кейін отбасы құрамын" деп жауап беретін. Осылай жүріп, 2016 жылы ол шетелде кітапханада Александр Данцовпен танысты. Біраз уақыт өткен соң бізге "тұрмысқа шығамын" деп айтты. Бірақ оның шетел азаматы болғанына байланысты алғашында қарсы болдық. Дегенмен 2019 жылы Айгүл тағы да сол өтінішін қайталап келді. Бұл жолы да Данцов екенін естігенде көңіліміз күпті болса да, қызымыздың бағы байланбасын деп амалсыз келісім бердік. Олардың Жаклин есімді қыздары бар. Қазір сол келісімді бергеніме қатты өкінемін”, – дейді марқұмның анасы. 

Айгүл Сайлыбаева мен Александр Данцов үйленгеннен кейін Германияға көшіп кеткен. Көп ұзамай күйеуінің анасы Наталья Донцова да ұлының соңынан барған. Шолпан Батқалованың айтуынша, қызы тұрмысқа шыққаннан кейін енесі мен күйеуінен қысым көріп, зәбір шеккен. Алайда Айгүл бұл жайында ата-анасына айтпай, тек жақын құрбыларымен ғана бөліскен. Марқұмның анасы: "Егер мұны ертерек білгенімде, қызымды аман алып қалар едім" деп қатты өкінеді.

Фото: видеодан скрин

“Қызымды аса қатыгездікпен өлтірген. Оның денесі көл маңынан пластикалық қапшыққа салынған күйі табылды. Сараптама нәтижесі бойынша денесінде 30-дан астам пышақ жарақаты болғаны анықталды. Тергеу деректеріне сәйкес, қылмыскерлер денені бөлшектеуге әрекет жасаған, мойнынан бауыздаған, беті шашы мүлде жоқ. Қойды бауыздаған секілді, қызымды қорлаған. Айгүлдің денесі адам шошырлық жағдайда табылды. Қазіргі уақытта Германияда адам өлтіру фактісі бойынша енесі Наталья Данцоваға ғана қылмыстық іс қозғалған. Себебі оқиға орнында оның да қаны табылды. Сонымен қатар Айгүл жоғалып кеткен күні Наталья Германиядан кетіп қалғаны белгілі болды. Ал Айгүлдің күйеуі Александр Данцовтың интернеттен Германияның “адам өлтіру және қылмысты жасыру туралы” заңдарын іздегені анықталды. Осыған байланысты мен екеуі де қызымнан құтылудың амалын алдын ала ойластырған болуы мүмкін деп күдіктенемін”, – дейді марқұмның анасы.

Шолпан Батқалова қызымды құшақтап үлгермедім деп өкінеді. 

“Кейде ойланып отырып, қызымды бар ықыласыммен құшақтап үлгермегеніме өкінемін. Қазақ әйелдері көбіне ененің көңілі, қонақтың сыны, елдің сөзі деп жүріп өз сезімімізді екінші орынға қоямыз. Кейде тіпті балаңды құшақтап, мауқыңды басатын сәттің өзі болмай қалады. Мен де сондай күйді бастан өткердім. Үнемі "жақсы келін болу керек" деп өзімді тежедім, қызыма да сабырлы болуды, отбасының берекесін сақтауды айтып жүрдім. Бүгін соған қатты өкінемін”, – дейді ол. 

Қазір Донцовтар Мәскеуде тұрып, сол жақта жұмыс істеп жүргені белгілі болды. Бұл ақпаратты ресейлік басылымдар да жариялады. Қазіргі уақытта оларды Қазақстанға экстрадициялау бойынша тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр.

“Мен іс жабылып қалмаса екен деймін. Арада неше жыл өтседе қызымның қанын төккендер әлі жазасын алмады. Соған жүрегім қан жылайды. Немерем Жаклин қазір анасын жауыздықпен өлтіргендердің қолында. Олар қандай тәрбие береді деп уайымдаймын. Бірақ түбінде анасы туралы барлық шындықты біледі деп сенемін”, – дейді ол. 

Толығырақ Stan.kz YouTube арнасынан көріңіздер 

 

STAN.KZ
Жұма, 06 Ақпан, 2026 19:33