Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Энергетика министрлігі жарық бағасы не үшін көтерілгенін түсіндірді

Энергетика министрінің орынбасары Сұңғат Есімханов жарық тарифінің не үшін көтерілгенін айтты. Оның сөзінше, бұған шикізат тарифінің өсуі, қызметкерлердің жалақысын көбейту де әсер еткен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

жарық сток

Фото: pixabay.com

Вице-министрдің айтуынша, қызметкерлердің жалақысын көбейту тарифтің өсуіне айтарлықтай әсер еткен. 

"Осы жылы бірінші ақпаннан бастап станциядағы тарифтер 20% өсті. Оған біріншіден, шикізат тарифтерінің өсуі себеп. Көмір қымбаттады, басқа да қосымша бөліктер қымбаттады, инфляциялық процестер өсіп жатыр. Екіншіден – әрине, кадрлық мәселе. Біз станциялардағы жалақы көлемін көбейтіп жатырмыз. Себебі кадрлер кетіп жатыр. Бүгін біз электрстанцияларындағы білікті маманның орташа жалақысын 400-420 мыңға жеткіздік. Ол да тарифке әсер етеді", – деді Есімханов. 

Сонымен қатар энергетика инфрақұрылымына жүргізілген жөндеу жұмыстары да жарық бағасының өсуіне алып келіпті. Ал тұрғындарға баратын жарық пен жылу тарифін табиғи монополияларды реттеу комитеті бекітеді.

"Толығырақ ақпаратты солардан сұрау керек. Дегенмен біз бірге жұмыс істейміз. Сондықтан жыл сайын тариф өсіретіндей мақсат жоқ. Олардың да белгілі бір ережелері бар. Стратегиялық тауар өскенде қолданатын төтенше жағдай механизмі бар. Жоспарлы тариф өсімі болады, сонымен қатар әлеуметтік көмек мәселесі де қаралады", – деп түсіндірді Сұңғат Есімханов.

Еске салайық, бұған дейін энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов құрылыс аяқталған соң бұл нысандар Қазақстанның меншігінде қалатынын айтқан еді. 

Талқылау