Енді тұрғын үй иелері баспананы күтіп ұстауға үш түрлі төлем жасайды
Фото: freepik.com
15 қыркүйектен бастап тұрғын үй иелері баспананы күтіп ұстау үшін қазіргі, жинақтаушы және мақсатты төлемдерге ақша жинайды. Оның бірі үйді жалпы күтіп ұстауға, екіншісі күрделі жөндеуге, ал үшіншісі күтпеген шығындарға жұмсалмақ. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі "Информбюро" бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Бұдан былай көппәтерлі тұрғын үйде баспана, қойма мен көлік тұрағы бар адамдар стандартты "үйді күтіп ұстау" төлемінің орнына қазіргі, жинақтаушы, мақсатты деген үш түрлі жарна төлейді. Оның екеуі міндетті болмақ. Қазіргі төлемдер ай сайынғы шығындарға, жинақ шоты күрделі жөндеуге арналады. Ал мақсатты жарна тұрғындардың қалауына қарай ашылады және жоспарланбаған шығындарға жұмсалады.
Алматыдағы тұрғын үйлерге жауапты басқарма өкілінің айтуынша, жинайтын жарна сомасын тұрғындардың өзі белгілейді. Ішінара жиналыс жасап, шаршы метріне алатын ақыны қояды. Бірақ оның мөлшері қала мәслихаты бекіткен ең төменгі сомадан аз болмауға тиіс. Биыл ол – 40 теңге.
"Жетпей жатса өздері көтере береді. 50, 60,70,150, тіпті 200 теңгелік тарифтер бар бізде. Төлемдер негізі ескі үйлерде көбейеді. Ал тұрғын үй кешендерінде қызмет түрі көп. Сондықтан оларда тарифтер 150, 200 теңге, ары қарай кете береді", – дейді Алматы қаласы коммуналдық инфрақұрылым және тұрғын үй инспекциясы басқармасының өкілі Жандос Қайырханов.
15 қыркүйектен бастап, пәтер иелері кооперативі жауапты субъект ретінде тіркеліп, дәрежесі басқарушы компаниялармен теңеседі. Олар мүлік иелері бірлестіктерімен шарт немесе жиналыс хаттамасы бойынша жұмыс істейді. Ал бір үйде 36 пәтерден көп болса, ол баспананың тұрғындары дәл сол ПИК немесе басқарушы компаниямен келісімшартқа отыруға тиіс және әр үйдің қазіргі және жинақ шоттары ашылып, бір мақсатқа жиналған қаржы екінші бағытқа жұмсауға жол берілмейді.

"Желке сүйегін алып тастады": Астанада тұрғын үй кешенінің ауласында кішкентай қыздың үстіне футбол қақпасы құлаған
