Ресейде Nestlé-нің нәрестелерге арналған сүт қоспасынан улы заттар табылған: Қазақстандықтар дабыл қағуда

Желіде қазақстандықтар Nestlé-нің сәбилерге арналаған сүт қоспасынан улы зат табылғанын айтып дабыл қақты. Айтуларынша, бірнеше елде бұл өнімді дүкен сөрелерінен алып кері қайтарған. Алайда Қазақстандағы өнімнің құрамын әлі ешкім білмейді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Желі қолданушысы БАҚ-та тараған ақпаратпен бөлісіп, алаңдаушылығын білдірді.
“Сұмдық. Сәбилерді де улап жатыр. Nestlé қоспаларынан уытты зат анықталған. Ресейде оны алып тастап жатыр, ал Қазақстанда жағдай қалай? Бізде мүлде тексеріп жатыр ма өзі?”, – деді ол.
Өзге желі қолданушылары да бұл ақпаратты қызу талқылады.
"Қандай қорқынышты! Қызым үшін 800 граммдық NAN Optipro 3 қоспасының үш банкасын алған едім. Енді қатты алаңдап отырмын", "Бұл жағдай тек белгілі бір күндері шығарылған, нақты нөмірлері бар партияларға ғана қатысты", “Біз емшек сүтімен қоректенеміз, бірақ бұл нағыз сорақылық қой!”, “Мұның бәрі әдейі жасалып отыр”, – деп жазды жұртшылық.
Ал ресейлік БАҚ Nestlé компаниясының NAN 1 OPTIPRO нәрестелерге арналған сүт қоспаларының құрамынан уытты зат анықталған партиялары бұғатталып, Ресей аумағына жеткізілмегенін хабарлауда.
Nestlé компаниясы 2025 жылғы 10 желтоқсанда Нидерландыдағы зауытта өндірілген NAN 1 OPTIPRO нәрестелерге арналған қоспасының бірнеше партиясын кері қайтару туралы бастама көтерді. Бұған өнім құрамынан Bacillus cereus бактериясы бөлетін цереулид атты уытты токсиннің анықталуы себеп болған.
Роспотребнадзордың хабарлауынша, бұл токсин құсу, іш өту және ауыр улануға әкелуі мүмкін. Әсіресе бұл емшектегі сәбилер үшін өте қауіпті. Ведомство өкілдері аталған партиялардың Ресейге ресми түрде жеткізілмегенін мәлімдеді. Мамандар осы тізімдегі өнімдерді сатып алмауға және пайдаланбауға кеңес береді.
-
"4000-нан аса қаптама": Шымкентте жалған MacCoffee зауыты анықталды (видео)
-
Gorilla өндірушілері Қазақстаннан кету туралы қауесеттерге пікір білдірді
Stan.kz тілшісі бұл ақпаратқа байланысты Nestlé компаниясының Қазақстандағы өкілдерінен сұрап көрді. Дегенмен компания алаңдауға негіз жоқ екенін жеткізді.
“Тұтынушыларымыздың денсаулығы мен әл-ауқаты, сондай-ақ шығарылатын өнімнің сапасы мен қауіпсіздігі – біздің негізгі басымдығымыз. Еуропаның бірқатар елдерінде реттеуші органдармен үйлестіру аясында Nestlé NAN брендімен және оның баламаларымен шығарылатын ана сүтін алмастыратын қоспалардың кейбір партияларын ерікті түрде кері қайтарып жатыр. Аталған партиялар Nestlé дистрибьюторлық желісі арқылы Қазақстандағы сауда нүктелеріне жеткізілмеген. Қазақстанда ресми сату арналары арқылы сатылатын Nestlé брендтеріндегі ана сүтін алмастыратын қоспалардың барлығы тұтынуға толықтай қауіпсіз және жергілікті заңнама талаптарына сәйкес келеді”, – деді компания.
Қолданыста жүргеніне 50 жылдан асқан: Астанадан ұшқан қазақстандық ұшақтағы түсқағазды көріп жағасын ұстады (видео)