Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Енді Нұр-Сұлтанға көшу қиындамақ: Астанадағы халық саны бақылауда болады

Елорданың мегаполиске айналғанына жақында қуанып еді жұрт. Енді таяқтың екінші ұшы көрініп отыр. Халық саны күрт өскендіктен, балабақша, мектеп сияқты әлеуметтік нысандардың жүгі артқан. Осыған орай ел астанасындағы халық саны бақыланып отыратын болды.

Астана

Көшті бәсеңдету үшін ауылдарда қаладағыдай жағдай жасауға білек сыбанып отыр жауаптылар. Тағы қандай шаралар қолданылады?  Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Евразия арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Елорданың халық саны енді бақыланып отырады. Оған себеп, Нұр-Сұлтанға қолайлы өмір іздеп еліміздің басқа да аймақтарынан қоныс аударатындар саны күрт артқан. Ол өз кезегінде шаһардың инфрақұрылымына салмақ салып жатыр екен. Әкімдікке арнайы барып, жиын өткізген Мемлекет басшысы осы мәселені назарда ұстауды тапсырған еді.

"Ішкі көші-қон процесінде бақылау болмағандықтан, қаладағы халық санының қарқынды өсуі байқалады. Ол өз кезегінде шаһардың әлеуметтік инфрақұрылымына ауыр жүк артады. Ең бірінші, медицина мен білім беру саласына ауыртпалық салады. Ішкі көші-қон мәселесіне жіті мән берген жөн. Бұлай жалғаса бермеуі керек. Мен өз жолдауымда қаладағы халықтың көптігі, ол мақтанатын көрсеткіш еместігін айтқанмын. Бұл шешімі қиын проблема", - деді президент.

Мемлекет басшысының сөзінше, бұл проблеманың, күрмеуі шешілмеген мәселе екенін аңғару қиын емес. Себебі, қазір қалада тұрғындардың көптігінен әлеуметтік нысандардың жетіспеушілігі сезіліп келеді. Мәселен, шаһарда 8 білім ордасы 3 ауысымда бала оқытса, 85 мың сәби балабақша кезегінде тұр. Ал, 14 мектептің әр сыныбында 40 оқушы білім алып жатыр екен. 

Ресми деректерге сүйенсек, Нұр-Сұлтанға соңғы 5 жылда 283 мың адам қоныс аударған. Мәселен, 2015 жылы - 65 мың, 2016 жылы - 79 мың, 2017 жылы - 54 мың, 2018 жылы - 42 мың адам. Ал, биыл 43 мың адам көшіп келген. Жайлы өмір іздеп келушілердің көбісі Ақмола, Түркістан, Жамбыл, Алматы және Қызылода облыстарының тұрғындары.

Премьер-министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев та, елорданың халық санының күрт артқаны демфографиялық жағынан тиімді болғанымен, олардың барлығына жайлы жағдай жасау мүмкін еместігін мәлімдеді. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген халықтың тең жартысының басында не баспана, не тұрақты жұмысы жоғын айтады.

"Еліміздің астанасы адамдардың барлығын сыйдыра беретін резеңке емес қой. Халық саны көп болған сайын оған қажетті нысандар арта бастайды. Кеше бұл жөнінде мемлекет басшысы да айтып кетті. Тұрғындар артса, білім беру орындарын, инфрақұрылымды көбейту керек. Жайлы жерге қоныс аудару әр адамның өз еркі, бірақ, Елордада жұмысың, баспанаң болмаса өмір сүру қиын", - деді Бердібек Сапарбаев.

Сандарды сөйлетсек, Астана алғаш құрылған жылы қала халқы 288 мыңға әзер жеткен екен. Ал, биыл Нұр-Сұлтандағы тұрғындар 1 млн 108 мыңды құраған. Бұл көрсеткішке бар жоғы 22 жылда жетіппіз. Ал, халық қалаулылары болса, көші-қон мәселесін шешу үшін ауылға дәл қаладағыдай жағдай жасау керек деп санайды. Ол үшін мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысын қадағалау керек екен. Сонда елді-мекендерден жастар жұмыс іздеп қалаға ағылмайды деп отыр. 

"Ауылдағылар кешті қалай өткізерін білмей жүргенде, Елордамыз гүлденіп жатыр. Барлық мемлекеттік бағдарламалар сапалы жүзеге асу керек. Елді-мекендегілерге дәл қаладағы өмір сияқты жағдай жасамайынша, ауыл халқының көші-қоны тоқтамайды. Бұл мәселе, "Дипломмен ауылға" бағдарламасына тікелей қатысты", - дейді Владимир Божко.

Ал, халықтың қоныс аударуын қадағалайтын көші-қон полициясының дерегінше, Нұр-Сұлтанға жыл сайын орта есеппен басқа өңірлерден 40 мыңнан 80 мыңға дейін адам тұрақты жұмыс істеуге келеді екен. Сол мақсатта, тұрғындарды есепке алып отыру үшін, мекен-жай анықтамасын енгізгенін айтады.

"2017 жылдың 7 қаңтарынан бастап "Экстремизм және терроризмге қарсы ҚР заңына сәйкес және көші-қон заңына сәйкес 51 бабына сай барлық Қазақстан азаматтары өз мекен-жайларына тіркелуі тиіс. Яғни, бұл ережелер бойынша әрбір азамат өзінің тұрақты мекен-жайын өзгерткен кезде 10 күннің ішінде тіркелуі тиіс", - деді қалалық полиция департаметінің көші-қон басқармасының басшысы Арман Баймұхамет.

Еске салсақ, Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті, елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өткен жылы елоданың халық саны 2050 жылға қарай 2 миллионнан асуы қажет деген болатын. Қазір, бас қала тұрғындары күн санап көбейіп келе жатқанын ескерсек, ол көрсеткішке жетудің ауылы алыс емес секілді.

Талқылау