Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Енді мопед айдаушылар да жүргізуші куәлігін алып, техбайқаудан өтуге тиіс

Мәжіліс депутаттары "Жол жүрісі туралы" заңға жекелеген көлік құралдары түрлерінің жүруін ұйымдастыру және жол қауіпсіздігін цифрландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" және оған ілеспе заңды бірінші оқылымда мақұлдады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Depositphotos

Бұдан былай азаматтар мопедтерді басқару үшін уәкілетті органда міндетті тіркеуден өтеді.

Мәжіліс отырысында депутат Айтуар Қошмамбетов заң жобасында қозғалтқышының көлемі 50 текше сантиметрден аз мопед сияқты көлік құралдарын тіркеу ескерілгенін атап өтті. 

Бейресми деректерге сүйенсек, бір ғана Алматыда олардың саны 20 мыңнан кем емес. Көптеген курьер мен кәсіпкерлер өз қызметін мопедтер арқылы жүзеге асырады. Бір реттік тіркеу кезінде ішкі істер министрлігі органдары мен тіркеуші ұйымдарда ұзын-сонар кезек болмай ма?" – деп сұрады депутат.

Ол заң күшіне енгенше 60 күн уақыт берілетінін айтты.

“Дегенмен 60 күнде үлгермеуіміз мүмкін, яғни дүрбелең болуы ықтимал. Жұмыс тобының аясында қолайлы мерзімдерді белгілеуді талқылап жатырмыз. Сондықтан дүрбелең немесе сыбайлас жемқорлыққа жол бермес үшін тиісті мерзімдер белгіленеді", – деді Игорь Лепеха. 

Сонымен қатар мопед жүргізушілері "А1" санатындағы жүргізуші куәлігін алып, жыл сайынғы техникалық байқаудан да өтуге тиіс.

Негізгі заң жобасына сәйкес, мопед жүргізушілері Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексте көзделген баптарға сәйкес толық жауапкершілікке тартылады. Бұл норма мас күйде мопед қолданған жүргізушілер санын, мопедтердің қатысуымен болатын жол-көлік оқиғалары мен жарақат алуды азайтуға бағытталған. Бұдан басқа мопед жүргізушілері толық жол қозғалысына қатысушыларға теңестіру ұсынылып отыр.

Сонымен қатар көлік құралдары жүргізушілері азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыруды рәсімдеуі қажет. Жергілікті атқарушы органдарға электр самокаттарды пайдалану тәртібін анықтау өкілеттігі беріледі.

Жүргізуші куәлігі жоқ жол ережесін бұзушылар 7 жылға дейін құжат ала алмайды. Заң жобасы қабылданғаннан кейін жүргізуші куәлігі жоқ және оны алмай тұрып көлік құралын басқарған, оның ішінде алкоголь немесе есірткі қолданған мас күйінде жауапкершілікке тартылған тұлғалар жеті жылға дейін емтихан тапсыруға жіберілмейді. Қазір олар әкімшілік жазаны өтеп, емтиханды оңай тапсырып, жүргізуші куәлігін ала алады. Осыған ұқсас айыптар бойынша жауапқа тартылған жүргізушілер 7 жылға көлік жүргізу құқығынан айырылады.

Қазақтан автожолдарында орташа және максималды жылдамдық енгізіледі.

Негізгі заң жобасына көлік құралдарының орташа және максималды жылдамдығы ұғымдары енгізілген. Бұл түзетулер сертификацияланған арнайы бақылау-өлшеу құралдары мен құрылғылары орнатылатын жолдың барлық учаскесінде жүргізушілердің жылдамдығын төмендетуге, сондай-ақ жылдамдықты шектен асырып жіберуге байланысты апаттар санын азайтуға бағытталған. “Орташа жылдамдық" көрсетілген құрылғылар мен құралдар арқылы жолдардың түзу учаскелерінде және айналма жолдары жоқ қала сыртында автоматты түрде есептеледі. Сондай-ақ әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске көлік құралдарында белгіленген жылдамдықты 60 және одан да көп км/сағ асырғаны үшін 40 АЕК көлемінде айыппұл түріндегі қатаң әкімшілік жауапкершілік енгізіледі.

Бұған дейін ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха Қазақстанда мопед жүргізушілеріне талап күшейетінін айтқан еді.

Талқылау