Енді мүмкіндігі шектеулі адамдар киім ауыстыру кезінде қиналмайтын болады
Алматылық кәсіпкер арнайы тігін цехын ашып, мұқтаж жандардың қажеттілігін өтеп отыр. Аймақтық байқауда жеңіске жеткен бұл жоба жақында Астанада өтетін республикалық байқауға қатысады.
Бұл туралы “Хабар” арнасы хабарлайды.
«Аяққа арналған қап қазақстандық брендке айналуы мүмкін»,– дейді жоба авторы Нұргүл Сейітбекова.
Су өткізбейтін мата да жергілікті фабрикада тоқылған. Нәтижесінде өнімнің бағасы шетелдікіне қарағанда анағұрлым арзан шығып отыр.
“Бізде ең басында кішкентай цех болды. Бұл цехта мүмкіндігі шектеулі адамдар жұмыс жасап, қолөнерін, қазақтың сәндік киімдерін жасап шығарғанбыз. Қазіргі таңда бізде 5 тігіншіміз, 1 конструкторымыз жұмыс жасайды. Және де отыздан астам дайын киім үлгілері бар”, – дейді Нұралау жобасының жетекшісі Нұргүл Сейітбекова.
Өткен жылы Нұргүл жас стартапшылардың байқауына қатысып, 5 миллион теңге грант ұтып алған. Ол ақшаға тігін машиналары секілді қажетті бұйымдарды сатып алады. Мүкіндігі шектеулі таныстарын жинап, өздеріне қандай киім киген қолайлы болар еді деп, ақыл-кеңес сұрайды. Нәтижесінде қолжетімді, ыңғайлы және әдемі киімдер тігіле бастайды.
“Тез киіліп, тез шешіледі. Сапасы да мықты. Арбада отырған адамға киім ауыстырған қиын ғой. Бұрын киім өлшеу кезінде әжептеуір қиналатын едік. Енді жақсы болды”, – дейді әлеуметтік жобаға қатысушы Аманат Мусин.
Қыркүйек айында олар өздерінің күзгі топтамаларын Астанада өтетін үздік әлеуметтік жобалардың республикалық байқауына шығарады.
Оқи отырыңыз:
Алматы облысында Kaspi Bank-ке ұрлыққа түскендердің қанша ақша алғаны анықталды
Елімізде латын әліпбиі мектептерде қай жылдан бастап оқытыла бастайды