Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Енді концертпен келмей-ақ қойсын": Желіде қазақстандықтар ресейлік әнші Филипп Киркоровке бойкот жариялады

Қазақстандықтар Филипп Киркоровке бойкот жарияладыФото: https://www.instagram.com/fkirkorov

Желіде қазақстандықтар “Звезды” шоуының финалында “Астана” командасына небәрі 3 ұпай қойған ресейлік әнші Филипп Киркоровке бойкот жариялады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Ресейдің НТВ телеарнасында КВН кезінен танымал қазақстандық “Астана” командасы қатысқан “Звезды” атты әзіл-сықақ шоуы мәресіне жетті. Команданың капитаны ретінде әнші Анатолий Цой өнер көрсетті.

Қазақстандықтар финалға дейін жетіп, онда Иван Абрамовтың “Арман командасымен” тең түсті, екі команда да 22 ұпайдан жинады. Жеңімпазды анықтау әнші Филипп Киркоровқа жүктелді. Ол Абрамов командасына 6 ұпай, ал “Астанаға” 3 ұпай берді.

Осы сәттің видеосы желіде тез тарап, мыңдаған қаралым жинады.

Жеңіс Абрамов командасына 126 миллион теңге сыйақы әкелді. Ал Анатолий Цой әлеуметтік желідегі парақшасында жазба жариялап, финал қорытындысынан кейін жылап қалғанын жасырмады.

“Шынымды айтсам жеңе алмағанымызда жылап жібердім. Өзім үшін емес, “Астана” үшін қатты қынжылдым. Оларды ұятқа қалдырғандай күй кештім”, – деп жазды Цой.

Анатолий Цой

Көпшілік Анатолий Цойға қолдау білдірді. Сондай-ақ көптеген қолданушы қазақстандық команданың жеңілісі әділетсіз болды деп есептейді.

“Сіздер бұл ойында 100 пайыз жеңдіңіздер. Қазаннан жазып отырмын және сіздерге жеңісті бермей қойғанын түсініп отырмын. Ал нағыз әзілді бағалайтындар үшін сіздер – чемпионсыздар”, “Жігіттер, бұл жерде нақты әділетсіздік болды. Қиын жағдай”, – деп жазды Анатолий Цойдың оқырмандары.

Қазақстандықтар шоу қатысушыларының парақшаларында ғана емес, Филипп Киркоровтың жазбаларының астында да жағымсыз пікірлер қалдырып жатыр. 

“Астана ең мықты команда болды! Әділетсіздік жасалды!”, “Енді Қазақстанға концертпен келмей-ақ қойсын”, “Филипп Бедросович, сіз тағы да “басқа есікке” кірдіңіз бе?”, “Астана” командасына төмен баға қойғаны үшін Филипптен көңілім қалды”, “Филипп, мен сізді құрметтейтінмін. Өкінішке қарай, сіз менің және көптеген қазақстандықтың көңілін қалдырдыңыз. Бізге мүлде келмей-ақ қойыңыз”, – деп жазған олар.

Қазақстандықтар Филипп Киркоровке бойкот жариялады

Әншінің өзі даулы жағдайға қатысты пікір білдірген жоқ.

Айта кетейік, бұған дейін Алматыда өткен концертте Киркоровтың раушан гүлдерімен кімді ұрғаны белгілі болғаны хабарланған еді.

Балнұр Жұмаділла
Жексенбі, 04 Қаңтар, 2026 22:18