Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Енді елімізде саяжайларда салынатын баспананың аумағы 50 шаршы метрден аспауы тиіс

Енді Қазақстанда саяжайларда салынатын баспаналардың аумағы 50 шаршы метрден аспауы керек. Өнеркәсіп министрлігі сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы заңға өзгерістер енгізді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Информбюро бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото: shoes-web.ru

Ведомство өкілдерінің айтуынша, бұл саяжайларда халықтың тұрақтап қалуына тыйым салу үшін жасалған шектеу.

Ал көпшілік қала ішінен баспана салуға жер таппай немесе қаражат жетпеген соң амалсыз саяжайға көшіп барамыз дейді. Сондықтан тұрғындар министрліктің жаңа талабы ойға қонымсыз деп отыр. 

Биылдан бастап тұрғындар саяжайда салынатын баспананың аумағын бекіту үшін әкімдіктен рұқсат алу керек. Ал бұл өзгеріспен көпшілік мүлдем келіспейді. Өйткені қаншама жылдан бері жер телімінің кезегін күтуден шаршап, саяжайға қоныстанып жатқандар жетерлік. Ал бір отбасы үшін әкімдік бекіткен кішкентай үйде тұру мүмкін емес. Сондықтан әркім өз қалауындағы баспананы салуға құқылы дейді. 

Ал Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі шектеуді халықтың қауіпсіздігі үшін енгіздік дейді. Айтуларынша саяжайлар халықтың тұрақты тұруына арналмаған. Сондықтан тек жылы мезгілдерде бау- бақша егіп, шаруашылығын баптау үшін бекітілген баспана аумағы азаматтарға жеткілікті дейді.

“Әлеуметтік тұрғыдан осал топтар көп жағдайда саяжайларды тұрақты тұруға пайдаланады. Алайда, бұл үйлер қыс мезгіліне бейімделмеген. Олардың коммуникациялық жүйелері суық кезеңде өшіріледі. Сондықтан қысқы мезгілде өрт қаупі туындауы мүмкін. Мұндай жағдайдың алдын алу үшін саяжайларды тұрақты тұруға пайдалануға тыйым салу қажет”, – дейді министрлік. 

Ал, құрылыс саласының маманы Манарбек Еспенбетов жаңашылдық азаматтардың құқығын шектеу дейді.

Айтуынша, шенеуніктер елімізде ұзақ жылдар бойы шешілмеген саяжайлардың мәселесінен қашып, халыққа осындай талап қойып отыр.

“Өте қолайсыз. 50 шаршы метр дегенің 10-5 метр. Ол кішкентай ғана үй. Орысша айтқанда жазғы үй. Халыққа жағдай жасау керек қой. Олар енді үкіметтен ақша сұрап отырған жоқ маған саяжай салып бер деп. Өзінің ақшасына салады. Шектеу қою деген дұрыс емес. Менің ойымша, үкімет сол жерге инфрақұрылым апарудан, жол, газ, су апарудан басын алып қашып отырған тірлік деп ойлап отырмын”, – дейді сарапшы Манарбек Еспенбетов. 

Айта кетейік, заңға енгізілген өзгерістің бұған дейін салынған баспаналарға қатысы жоқ. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, қазір елдегі саяжайларда 40 мың адам тұрып жатыр. 

Талқылау