Енді автобус жүргізушілері мектеп оқушыларын көліктен мәжбүрлеп түсіріп тастай алмайды
Фото: freepik.com
Енді автобус жүргізушілері мектеп оқушыларын автобустан мәжбүрлеп түсіріп тастай алмайды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Оқу-ағарту министрлігі 1 қыркүйектен бастап балалардың құқықтарын қорғау саласына енгізілген өзгерістер тізімін жариялады.
Министрлік мәліметінше, мектептер мен колледждерде "ДосболLIKE" антибуллингтік бағдарламасы іске қосылған. Сондай-ақ буллинг үшін әкімшілік жауапкершілік енгізілген, айыппұл мөлшері – 10 АЕК, ал қайталанған жағдайда – 30 АЕК.
Сондай-ақ енді қоғамдық көліктен балаларды түсіріп тастауға тыйым салынады. Автобус жүргізушілері 16 жасқа дейінгі балаларды ересектерсіз мәжбүрлеп түсіріп кете алмайды. Ереже бұзған жүргізушілер әкімшілік жауапкершілікке тартылады.
Атырауда автобус мектеп жанында жасөспірімді қағып өлтірді
Семейде кондуктор жолаушыны кір киімі үшін автобустан түсіріп жібермек болды (видео)
Сонымен қатар мектептер қабырғаларына буллинг пен зорлық-зомбылыққа ұшыраған балаларға көмек көрсететін орталықтың QR-кодтары ілінеді.
"111" байланыс орталығының QR-кодтары барлық мектептерге орналастырылды. Балалар өз құқықтарының бұзылуы туралы анонимді әрі жедел хабарлай алады. QR-кодтар дәліздерде, баспалдақтарда және санитарлық бөлмелерде көзге көрінетін жерлерге ілінген. Өтініштер тәулік бойы қабылданады”, – делінген министрлік хабарламада.
Еске салсақ, бұған дейін Қарағандыда мектеп оқушыларына кешігіп келгені және форма кимегені үшін айыппұл салынатыны туралы жазған едік.

Желіде тілі шықпаған баланы қой ішегімен қылқындырғандардың видеосы тарады: Логопед-дефектолог ырымның үлкен қаупін айтты
