Енді Алматыда ауаға шамадан тыс зиян қалдықтар шығарған көліктер тексеріліп, айыппұл арқалайды
Алматыда ауаға шамадан тыс зиян қалдықтар шығаратын көліктерді анықтаудың жаңа әдісі іске қосылды. Енді көліктердің түтінін кіреберістегі экопосттардан бөлек, қала ішінде арнайы құрылғы – спектрометр тексереді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Информбюро басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: Stan.kz
Спектрометр аппараты машинадағы улы газды өлшейді. Мұндай жағдайда көлікті тоқтатудың қажеті болмайды. Ол машинаны қозғалыс кезінде түсіріп, темір тұлпар бөлетін зиян қалдықты анықтай алады.
Әкімдік өкілдерінің мәліметінше, құрылғыны сергек камерасына енгізіп, зиян қалдық шығарған көліктердің нөмірін автоматты түрде анықтау жоспарланған. Осылайша, машинасынан көп мөлшерде улы газ шығатын жүргізушілерге 10 айлық есептік көрсеткіш, яғни, 37 мың теңге айыппұл салынады.
Айта кетейік, тексеріс кемінде 3000 шақырым жүрген машиналарға жүргізіледі. Алайда көлік иелерінің дені бұл бастаманы құптамайды.
"Дұрыс деп ойлаймын. Экопосттан да пайдасы аз ғой, шамалы. Ол жақта көбіне коррупция. Ал былайынша көлігің ескі болса, айыппұл келеді", – деді қала тұрғыны.
Тағы бір тұрғынның сөзінше, көлік жүргізушілеріне салынатын айыппұл тым көбейіп кетті.
"Жүргізушілерге айыппұл көбейтіп, бізді жан-жақтан қысып тастаған сияқты. Одан сайын жағдайымызды қиындатып жатыр", – дейді тағы бір тұрғын.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанның ірі қалаларында улылық және түтін нормаларын асырған көлік жүргізушілеріне айыппұл салынатыны туралы жазған едік.