Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Енді Алматы, Астана және Шымкент қалаларында самокатты дұрыс орынға қоймағандар айыппұл арқалайды

Фото: freepik.com

Алматы, Астана және Шымкент қалаларында электросамокаттарды дұрыс қоймағандарға айыппұл салынбақ. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

JET компаниясының мәліметінше, ережені бірінші рет бұзған адам 100 теңге көлемінде ең төменгі айыппұл арқалайды. Қайтадан бұзса, айыппұл 1000 теңгеге дейін өседі. Жаңа ереже Алматыда 13 маусымнан бастап іске қосылды. 



Айыппұлдар мына жағдайларға да қарастырылған:

Мас күйде самокат тебу. Егер адам алкоголь ішіп немесе есірткі қолданып, самокатпен жүрген болса, бұл қауіпті және заңмен жазаланады;

Екі адам мініп жүру. Самокат бір адамға арналған, ал екі адам мініп жүру қауіпті және құрылғыға зақым келтіруі мүмкін;

Самокатты қызмет аумағынан тыс жерге қалдыру. Кикшеринг қызметі тек белгілі бір аумақта жұмыс істейді. Самокатты сол аумақтан тысқары жерге апарып тастау ережеге қайшы;

Сапар соңында фотоны дұрыс жүктемеу. Самокатты қойған соң қолданушы оның дұрыс қойылғанын дәлелдеу үшін фото түсіруі керек. Егер фото анық болмаса немесе ереже бұзылған болса айыппұл салынады.

Алматылықтар бұл шешімді орынды деп санайды:

“Арбамен жүрген адамдарға немесе қозғалысы шектеулі жандарға өте қолайсыз. Сондықтан мұны дұрыс деп есептеймін”, “Менің ойымша, міндетті түрде айыппұл салу керек. Тәртіп болуы қажет”, “Меніңше, тәртіп болуы керек. Машиналар да, самокаттар да бәрі дұрыс тұрақта тұрғаны жөн. Айыппұл арқылы жазалау нәтиже береді”, – дейді олар. 

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда велосипед пен самокат жүргізушілеріне мемлекеттік нөмірмен жүру талап етілетіні туралы жазған едік. 

Жұмаділлә Нұрила
Сенбі, 14 Маусым, 2025 14:47
Талқылау