"Еңбектеп жүріп, үріп, ұлиды": Ресейде "маугли қыз" табылды (видео)
Ресейдің Орел қаласындағы ауруханаға «маугли қыз» ауыр халде жеткізілді. Ол еңбектеп жүреді, сөйлей алмайды және адамдар ортасында өмір сүруге бейімделмеген.
Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі «ОрелТаймс» басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Кішкентай пациенттің жағдайын көрген дәрігерлердің барлығы шок болған.
«Анасы ішімдік ішеді. Бұл қыз – оның сегізінші баласы. Оған дейінгі жеті баласын қамқоршылық органдары алып кеткен. Анасы осы баласын барынша жасырып ұстады. Үйде торға қамап ұстайтын. Ал бір жаққа шығу керек болса, зат салуға арналған дөңгелекті сөмкеге салып алып жүретін. Бір шөлмек арақ үшін қызын сексуалдық құлдыққа сататын», - дейді басылымға сұхбат беруші.
Құжаттар бойынша, қыздың есімі Диана. Ол Орлов ауданының Лука-Журавинки аулында тұрған. Бүгінде қыз 11 жаста. Алайда 5-7 жасар қызға ұқсайды.
Куәгерлер мен медицина мекемесіндегілердің сөзінше, ол төсек пен қасықтың не екенін де білмейді. Сонымен қатар ол сөйлесуді білмейді. Оның орнына дыбыстар арқылы тілдесуге тырысып, үріп, ұлиды екен.
«Ол үнемі еденге түсіп алып, бұрышта тығылып отырады. Асханалық құралдарды қолдана алмайды. Тамақ көрсе, бірден бас салып, тез-тез жұтып, кекіріп алып, қайтадан тамақтануға кіріседі. Мұндай көрініске жүйкесі жұқарғандар қарай да алмайды», - дейді куәгерлер.
Дәрігерлер қызға «тік ішегінің айналуы» деген диагноз қойыпты.
«Талдаулар нәтижесі қыздың жүдеп-жадағанын көрсетті. Қазіргі уақытта дәрігерлер оны қарап жатыр. мұнан әрі онымен психиатр жұмыс істейтін болады», - дейді дәрігер Людмила Крылова.
Ал журналистер көпбалалы ананың тұрып жатқан үйін видеоға түсіріп алған.