Астанада екі жасөспірім әйелді самокатпен қағып, көмектеспей кетіп қалған: Жәбірленушіден баланың анасы кешірім сұрап келген
Фото: Threads @astananeversleeps парақшасынан алынды
Астанада Хан Шатыр аумағында серуендеп жүрген әйелді самокат қағып кеткен. Оның өкшесінің сүйегі сынып, қазір уақытша еңбекке жарамсыз болып қалған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Аталған жағдайды жәбірленушінің баласы Threads әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазды.
“Анамның өкшесінің сүйегі сынып, гипспен жатыр, еңбекке жарамсыз болып қалды. Самокатпен соғып кеткен екі жігіт анамды сол жерде тастап кетпек болған. Бірақ анам жылдам әрекет етіп, оларды видеоға түсіріп үлгерген. Анам ақкөңіл, жас жігіттер аз да болса көмектесуге тырысса кешірер еді. Бірақ олар керісінше, самокат қаққанына анамның өзін кінәлаған. Оның үстіне “асығып бара жатырмыз, кетуіміз керек" деп айтып, дөрекілік танытқан”, – деп жазды желі қолданушысы.
Жәбірленушінің баласының айтуынша, анасының сауығуына кемінде алты ай қажет.
“Анам әлі де ауырады, жүре алмайды, жұмыс істей алмайды. Жазды балдақпен өткізеді. Емделуге кеткен шығынды өтеп қойдық. Физикалық және моральдық шығын үшін өтемақы талап етуді жоспарлап отырмыз", – деді жәбірленушінің баласы.
Сол күні кешке қарай қағып кеткен жігіттердің бірінің анасы келіп, ұлы үшін кешірім сұраған. Бірақ баласы үнсіз қалған. Жәбірленуші оған кек сақтамайды, дегенмен жауапкершілікті өз мойнына алуға міндетті деп есептейді.
"Таңғы сағат 3-те полицияға арыз жаздық. Сағат 17:00-де бізге ақ киімді баланың анасы келді. Алайда қара жейде киген жігіт келмеді. Анасы ұлы үшін кешірім сұрап, "ол қанша дегенмен бала, байқамай қалды, мұсылманбыз ғой" деп айтты. Жігіт болса сол уақыт бойы үнсіз тұрып, көздерін төмен салып тұрды. Назарын да салмай, кешірім де сұрамады. Анам жігіттерге кек сақтамайтынын, бірақ жауапкершілікті өз мойнына алуы керегін айтты", – дейді жәбірленушінің баласы.
Жәбірленушінің баласының айтуынша, құқық қорғау органдары самокат жүргізген балалардың туыстарына жәбірленушінің мекенжайын берген. Бұл дербес деректерді қорғау туралы заңды бұзуы мүмкін дейді. Енді олар бұл мәселеге жеке тоқталып, анық-қанығын білмек ниетте.
Сондай-ақ жәбірленуші тараптың айтуынша, балаларды тәрбиелеуде үлкен бір олқылық бар.
“Біз балалардың кішкентай кезінен бастап "аяп", бар жағдайын жасап өсіреміз. Шкафқа соғылып қалса – "ай, мына шкаф жаман екен" деп, тіпті қалжыңдап болса да, кінәні сырттан іздейміз. Ал мұның бәрі баланың әлі қалыптаспаған санасына сіңіп, кейін ересек өмірде өз ісі мен қателігі үшін жауапкершілік алудан жалтаратын адамға айналдырады”, – деді жәбірленушінің баласы.
Қазір отбасы жарақат пен шығынды ресми түрде есепке алу үшін сот-медициналық сараптамаға дайындалып жатыр екен. Оның үстіне отбасы полицияға шағымданған.
Ал полиция бұл іске қатысты кәмелетке толмағандар анықталғанын мәлімдеді. Олардың заңды өкілдері әкімшілік жауапкершілікке тартылыпты.
“Кәмелетке толмағандармен Құқықтық тәртіп қағидаты бойынша жүргізілген жұмыс аясында құқық бұзушылықтың алдын алуға және заңнаманың нормаларын сақтауға бағытталған профилактикалық жұмыстар жүргізілді”, – делінген хабарламада.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда велосипед пен самокат жүргізушілеріне мемлекеттік нөмірмен жүру талап етілетіні туралы жазған едік.