Еңбек вице-министрі отбасына қанша қаражат жұмсайтынын айтты
Фото: t.me/KZgovernment
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Асқарбек Ертаев өзінің отбасына ай сайын негізгі қажеттіліктерге 500–600 мың теңге жұмсайтынын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Оның айтуынша, отбасында алты адам – жұбайы мен төрт баласы бар. Екі баласы жұмыс істейді, ал екеуі асырауында.
"Жұбайым жұмыс істемейді, себебі кенже ұлым үш жаста, балабақшаға барады. Орта есеппен айына 500–600 мың теңге кетеді. Бұл – балабақша төлемі (оның бағасын өздеріңіз білесіздер), қызымның түрлі үйірмелерге қатысуы және басқа да отбасылық шығындар бар", – деді вице-министр.
Асқарбек Ертаев өзінің нақты жалақысын құпия дерекке балап жария етпеді, бірақ елдегі орташа табыс көрсеткіштері туралы деректі жариялады. Айтуынша, орташа жалақы – шамамен 400 мың теңге, медианалық жалақы – 288 мың теңге.
Министрліктің 95 мың ұйым бойынша жүргізген мониторингіне сәйкес, олардың 76%-ы (73 мың) қызметкерлеріне медианалық деңгейден төмен жалақы төлемейді.
Ертаевтың айтуынша, қалған кәсіпорындармен жұмыс жүргізіліп жатыр, ал мақсат – 2030 жылға дейін Халықаралық еңбек ұйымы ұсынған Кейс индексінің 50%-ына жету. Қазір бұл көрсеткіш 30% деңгейінде. Ал 400 мың теңгеден жоғары жалақы алатын қазақстандықтардың нақты саны кейінірек жарияланатынын айтты.
Айта кетейік, бұған дейін вице-министр келесі жылдан бастап Қазақстанда азаматтық қызметкерлердің ең төменгі жалақысы 99 000 теңгеге дейін өсетінін айтқан еді.

"Арнайы тізім жасалуда": Президент тапсырмасынан соң Қазақстанда кімдердің жәрдемақысы қысқартылады
