Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Еңбек демалысымың ақшасы жоғалып кетті": Қарағанды тұрғыны алаяқтарға алданып 11 миллион теңге несиеге батқан

Қарағандыда шахтада жұмыс істейтін ер адам алаяқтардың сөзіне сеніп, 600 мың теңге еңбек демалысының ақшасынан айырылып, 11 миллион теңгеге несиеге батқан. Ол қауіпсіздік үшін деген жалған сөзге иланып. ұялы телефонына екі бағдарлама жүктеген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Polisia.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды.

Ер адам өзіне хабарласқандарды банк қызметкері деп ойлаған.

"Шахтада жұмыс істеймін. Қазір демалыстамын. Үйде болдым, телефонға біреу қоңырау шалды. Өзін банктің қауіпсіздік қызметкерімін деп таныстырып, менің жеке кабинетімді біреулер бұзғанын айтты. Сол адамды анықтау үшін менің қатысуыммен қажетті шаралар жүргізу керек екенін жеткізді. Бұл үшін ұялы телефоныма екі бағдарламаны жүктеп алуымды сұрады. Кейін бағдарламаларды оның кеңесімен орнаттым. Кейін олар менің барлық деректемелерімді нақтылау керектігін айтты. Жеке куәліктің, банк картасының екі жағын суретке түсіріп, оған жібердім. Содан кейін белгілі болғандай, алаяқтың қылмысын ашу үшін менің несие алуым керек екенін қосты. Олар маған банк менеджерінің хабарласатынын ескертті. Шынында да, екі-үш минуттан кейін бір әйел телефон соғып, менің мәліметтерімді нақтылай бастады, содан кейін несием қабылданбады деп мәлімдеді”, – деді ер адам.

Алаяқтар несие қабылданбаған соң тұрғынға банк картасын ауыстыру керек екенін айтқан. Тіпті ол үшін ертең сағат 11:00-ге дейін банкке барып жаңа карта алуын ұсынған.

“Біраз уақыттан кейін ұялы телефонымдағы банк қосымшасын ашамын. Сол кезде еңбек демалысының төлемі – 600 мың теңгенің есепшотымнан жоғалып кеткенін байқадым. Оған қоса менің атыма бес жыл мерзімге алты миллион теңге несие берілгенін білдім. Сондай-ақ, депозитім бар басқа банктен бес миллион теңгеге несие алынған. Алданғанымды түсініп, полицияға хабарластым", - деді жәбірленуші.

Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы "Алаяқтық" бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазір тергеу амалдары жүргізілуде.

Полиция азаматтарға қауіпсіздік қызметкері немесе банк менеджері қоңырау шалса, бұл дереу күдік тудыруы керек екенін ескертті. Мұндай жағдайда әңгімені дереу үзіп, банктің сенім телефонына немесе ішкі істер органдарының 102 телефонына қайта қоңырау шалу қажет.

Талқылау