Жаңа Конституцияда жыл сайынғы еңбек демалысы алып тасталған: Еңбек министрлігі желідегі ақпаратқа қатысты түсініктеме берді

Әлеуметтік желіде жаңа Конституцияның 27-бабының 4-тармағында демалу құқығына қатысты нормада “еңбек демалысы” сөзінің алдында “жыл сайынғы” деген сөздің жоқ екені туралы ақпарат тарады. Желі қолданушылары бұл жағдай қызметкерлердің құқықтарының шектелуіне әкелуі мүмкін екенін айтып, дабыл қақты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Желіде тараған ақпаратқа қатысты еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі түсініктеме берді. Министрлік мәліметінше, ақпарат шындыққа жанаспайды.
“Конституция құқықтар мен бостандықтардың негізгі қағидаттары мен кепілдіктерін бекітетін, олардың іргелі сипатын айқындайтын жоғары заңдық күші бар акт болып табылады. Құқықтарды іске асырудың нақты мазмұны мен тетіктері салалық заңнамада айқындалады. 27-баптың жобасында демалыс құқығы заңмен кепілдік берілетін әлеуметтік құқық ретінде бекітіледі. Демалыс – осы құқықты жүзеге асыру нысандарының бірі. Оның ұзақтығы, кезеңділігі, берілу тәртібі және өзге де шарттары еңбек заңнамасымен реттеледі”, – делінген министрлік хабарламасында.
Қолданыстағы Конституция мен жаңа Ата Заңда қандай айырмашылық бар: Талдап көрдік
20,78 миллиард теңге: Конституция референдумына бөлінген қаржының қайда жұмсалатыны айтылды
Министрлік өкілдері еңбек кодексіне сәйкес қызметкерлерге жыл сайынғы ақылы еңбек демалысы тікелей қарастырылғанын атап өтті. Сондай-ақ құжатта демалыстың ең төменгі ұзақтығы, оны беру тәртібі және демалысты бермеуге тыйым салу талаптары нақты белгіленген.
“Сонымен қатар, Еңбек кодексінде “демалыс” ұғымы оның әртүрлі түрлерін, атап айтқанда: жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысын, әлеуметтік демалыстарды және заңнамада көзделген өзге де демалыс түрлерін қамтиды. Осыған байланысты жобада ұсынылған редакция заң тұрғысынан неғұрлым дәл және жинақы болып табылады. Бұл ретте демалыс құқығы мемлекет тарапынан кепілдік берілген құқық ретінде сақталады”, – делінген министрлік хабарламасында.
Министрлік аталған нормалардың қолданыста қалатынын және Конституцияның жаңа редакциясының жобасына қайшы келмейтінін атап өтті.
“Конституциялық норманың жаңартылған редакциясы жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысының күшін жоюды білдірмейді және еңбек заңнамасының автоматты түрде өзгеруіне әкеп соқпайды. Азаматтарды тек ресми ақпарат көздеріне сүйенуге және негізсіз қорытындыларды таратудан тартынуға шақырамыз”, – делінген хабарламада.
Еске салсақ, бұған дейін бұған дейін мемлекет басшысы 2026 жылдың 15 наурызында жаңа Конституция қабылдау бойынша республикалық референдум өткiзу туралы жарлыққа қол қойған еді. Артынша референдумға шығарылатын жаңа Конституцияның жобасы жарияланды.
"Денем кез келген уақытта ісіп кетеді": Қазақстандық өзінің ісік ауруымен ауыратынын 50 жылдан кейін ғана білген