Ең төменгі төлем 150 мың теңге: Шымкент қаласында "Жасыл ипотека" іске қосылды
Енді Шымкент тұрғындары экологиялық таза баспанада тұруға мүмкіндік алды. Отбасы банк мегополисте "Жасыл ипотеканы" іске қосатынын хабарлады. Бүгін банк пен OKS Development компаниясының өкілдері "Modern City" тұрғын үй кешенінде екіжақты келісімшартқа қол қойды. Аталған екі компания 2017 жылдан бері өзара әріптестікпен жұмыс істеп келеді.
Шымкент қаласының Отбасы банк клиенттеріне алғашқылардың бірі болып OKS Development өзінің "Modern City" тұрғын үй кешенін ұсынып отыр. Бұл кешен "Жасыл ипотека" сәйкестік стандарттарына сай салынған және "Өмір" - ғимараттарды экологиялық бағалаудың қазақстандық жүйесінің сертификаты берілген.
"Отбасы банк Қазақстанда былтыр алғаш рет "Жасыл ипотеканы" іске қосты. Біз экологиялық құрылыс стандарттарына сәйкес келетін құрылыс салушылармен келісім жасап, жаңа жоба бойынша несиелендіруді бастаймыз. Өтінімдерді алғашқы қабылдау Астанада өтті, қазір Шымкент қаласы қосылуда. Бүгіннен бастап Шымкент тұрғындары мен қонақтары "Modern City" тұрғын үй кешеніндегі 280 пәтердің кез келгенін таңдап, кредиттік өтінім бере алады", - деп атап өтті Шымкент қаласындағы "Отбасы банк" филиалының директоры Дәурен Саудабаев.
"Жасыл ипотека" - бұл азаматтардың денсаулығы мен қоршаған ортаны қорғауға бағытталған, жылжымайтын мүлікті сатып алуға арналған заем. Яғни құрылыс барысында құрылыс салушы қауіпсіз және экологиялық таза материалдарды пайдаланады, айналасындағы аумақты ландшафттар мен жасыл желектермен безендіреді, қалдықтарды жою жүйесін ұйымдастырады, суды үнемдейтін технологияларды пайдаланады және энергияны үнемдейтін шешімдерді қолданады деген сөз.
Отбасы банкінің ("Бәйтерек" холдингінің еншілес ұйымы) клиенттері "жасыл стандарттар" бойынша салынған, энергия үнемдейтін тұрғын үй кешендерінен пәтер сатып алуға несие ала алады.
"Жасыл ипотека" бойынша бастапқы жарна 20% құрайды. Егер ол бар болса алдын ала заем алуға мүмкіндік болады. Мұндай несие бойынша пайыздық мөлшерлеме 12,5% (ЖТСМ 13,3% бастап) тең болады, алайда 10 жылдан кейін ол төмендейді.
Осы кезең аралығында қарыз алушының ай сайынғы төлемдері екі бөліктен тұратын болады. Төлемдердің бірінші бөлігі – несиені өтеуге, ал екіншісі – депозитті толықтыруға аударылып отырады. Депозитке жинақталып жатқан алғашқы жарна 20%-дан 50%-ға дейін жеткенде, Отбасы банкінің клиенті тұрғын үй заемына ауысады. Бұл салымда жинақталған қаражат ипотеканы өтеуге жұмсалып, несие бойынша пайыздық мөлшерлеме бағалау көрсеткішке байланысты 3,5%-дан 5% аралығында төмендейді деген сөз. "Жасыл ипотека" бойынша несиенің ең жоғары сомасы 35 млн теңгеге дейін екенін атап өту керек. Сондай-ақ несие тек жаңа баспана сатып алу үшін ғана беріледі. Тұрғын үйді ӨМІР, Р МЕМСТ, BREAM немесе LEED стандарттарына сәйкестік сертификаты бар нысандардан ғана сатып алуға болады.
Шымкент қаласындағы "Отбасы банк" филиалының директоры Дәурен Мұратұлының айтуынша, пәтерлердің ай сайынғы орташа төлемақысы қолжетімді екенін айтады.
"Атыңызда үй бар-жоқтығына және тұрғылықты жері бойынша тіркеуге қарамай, бірінші, екінші үй демей, ҚР азаматы екенін және айлық табысын растау арқылы қолжеткізуге болады. Нақты сомасы несиенің бағасына, салымшының салымы мен жинаған уақытына байланысты болмақ. Отбасы банкте әрбір қадам сіздің салған салымыңызбен өлшенеді. Егер 20 миллиондық пәтер қарастырсаңыз, 2 миллион теңге салымыңыз болса, соны құйып ала аласыз. Дәл бүгіннен банкке барып, айлық табысыңызды есептеп, егер жетіп тұрса OKS Development компаниясына барып, пәтерді брондауға болады.
Шымкент қаласында OKS Development компаниясының 6 тұрғын үй кешені бар. Бәрінің де мемлекеттік кепілі бар. Қосымша кепілсіз беріледі. Алғашқы жарна 30-50 пайыз құйып несие рәсімдей берсеңіздер болады", - дейді Саудабаев.
OKS Development компаниясының "Modern City" тұрғын үй кешенінде экологиялық таза, энергия үнемдейтін құрылыс материалдары қолданылып жатыр.
"Отбасы банк – біздің ең маңызды стратегиялық әріптесіміз. Халыққа арналған тиімді бағдарламалары көп. Солардың бірі – "Жасыл ипотека".
Жасыл критерийлер бойынша әрбір технологияға 1-2 баллдан беріледі. Дәл қазір біздің технологиямыздағы жасыл плюстеріміз көбейіп, "Күміс сертификатына" ие болдық. Біз энергия үнемдейтін құрылыс материалдарын қолданамыз. Мәселен, энергия үнемдейтін әйнектер, шамдар, автономды жылыту кешені, т.б. 100 пайыз отандық өнімнен салынуда. Материалдар 2001 жылы ашылған, тәуелсіз Қазақстандағы бірінші тұрғын үй құрылыс комбинаты "Оңтүстік құрылыс сервис" зауытынан алынады. Әйнектер қызылордалық компаниядан әкелінеді", - дейді OKS Development компаниясы директорының бірінші орынбасары Мейіржан Құртаев.
Айта кетейік, бизнес кластағы пәтерлер тамыз-қыркүйек айларында пайдаланылуға беріледі.