Ең қымбаты 150 млн теңгеге бағаланған: Қайтарылған активтерді басқару компаниясы 25 эксклюзив сағатты аукционға шығармақ
Фото: E-Qazyna
Қайтарылған активтерді басқару компаниясы 31 шілде өтетін аукционға жалпы құны 352 млн теңге болатын 25 қолсағат шығарылатынын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
"Сауданың мақсаты – қайтарылған активтерді ашық әрі тиімді түрде өткізу, сондай-ақ мүдделі қатысушыларға құнды бұйымдарды сатып алу мүмкіндігін ұсыну. Аукционға E-Qazyna платформасында тіркелген барлық пайдаланушылар қатыса алады", – делінген компания хабарламасында.
Лоттар арасында бастапқы құны 3 279 097 теңгеге бағаланған Breguet 2846, 5 млн теңгеге бағаланған Breguet №5134 сағаттары бар.
Ал Ulysse Nardin Archive Freak Cruiser қол сағатының бастапқы бағасы 20 миллион теңгедан басталады. Бұл сағат алдыңғы аукционда 29 млн теңгеге бағаланған болатын. 18 карат ақ алтыннан жасалған сағаттың корпусында сызат бар екені ескертілген.
Сондай-ақ аукционға Ulysse Nardin Classic 789-80 моделі де шығарылып отыр. Минуттық турбийон (механизмнің дәлдігін арттыруға арналған конструкция) авентурин циферблатқа орнатылған. Циферблаттағы пішіндер 18 карат алтыннан қолмен ойылған. Сағат шектеулі сериямен шығарылған – 30 данасы ғана бар. Корпусы платинадан жасалған, бірақ бұл сағаттың да корпусына сызат түскен. Бастапқы құны – 150 117 236 теңге.
Фото: коллаж
Breguet 3099 BE сағатының бастапқы бағасы – 10 миллион теңге. Корпусы 18 караттық ақ алтыннан жасалған. Жақтау (циферблаттың айналасындағы сақина) және құлақша (бау бекітілген тұсы) 139 классикалық гауһар таспен (шамамен 1255 карат) безендірілген. Бұрамалы басы да гауһартас пен көмкерілген. Артқы қақпағы сапфир шыныдан жасалған. Сағаттың корпусында сызаттар бар, бауы зақымдалған.
Cartier Ballon Bleu қолсағатының бастапқы бағасы 1 миллион теңгеден асады. Жақтауы болаттан құйылған, 54 гауһар таспен көмкерілген. Ал Patek Philippe World Time Complicated Chronograph сағатының аукциондағы бағасы16 миллион теңгеден басталады. Циферблатты жасауда ерекше техника қолданылған.
Тағы бір лот – Cartier Rotonde de Cartier, бастапқы бағасы 1 миллион теңгеден асады. Корпусы болатта жасалған, бұрамалы басы синтетикалық шпинельмен безендірілген, алма пішініндегі сағат тілі көгілдір болаттан құйылған.
Аукционға кез келген адам қатыса алады.

"Күйеуімді қазақша Дарын деп атайды": Ағылшын азаматына тұрмысқа шыққан қазақ қызы оқиғасын бөлісті
