Елжан Біртанов денсаулық сақтау министрі болып тағайындалды
Мемлекет басшысының Өкімімен Елжан Амантайұлы Біртанов Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі болып тағайындалды.
Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлайды.
“Елжан Амантайұлы Біртанов Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі болып тағайындалсын”, – деп жазылған Жарлықта.
Елжан Амантайұлы Біртанов 1971 жылғы 18 қазанда Жамбыл қаласында дүниеге келді. Алматы мемлекеттік медицина университетін, Аризона штатының университетін, Ресей дипломнан кейінгі медициналық білім академиясын, Шарите Университеттік клиникасын (Германия), Тұран университетін, Duke University, Fugua School of Business (АҚШ), Global Executive МВА магистратурасын бітірді.
Ол дәрігер, токсиколог, медицина ғылымдарының кандидаты.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің штаттан тыс Бас токсикологы. 1994 ж. Алматы мемлекеттік медицина институтын бітірген соң, Алматы қалалық Жедел жәрдем ауруханасының токсикология бөлімінде дәрігер-реаниматолог болды. 1994 ж. АҚШ-тағы Аризона штатының Токсикология орталыңында клиникалық токсикологиядан іс-тәжірибесін жетілдіру мақсатына 4 айлық стажировкадан өтті. 1996 жылдан Қазақстандағы ақпараттық -кеңес токсикология орталығын басқарады. Орталық Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының химиялық қауіпсіздігі жөніндегі бағдарламаға енді.
1998 жылдан Қазақ Ұлттық медицина университетінің кезек күттірмейтін медицина кафедрасында ассистент болды. 2000 жылдан дәрігерлер бөлімін жетілдіру институтында “Клиникалық токсикология” курсының жетекшісі. Тусон, Де-Моин (АҚШ), Эрфурт(Германия), Рио-де-Жанейро (Бразилия), Копенгаген (Дания) және Мәскеуде токсикология және улануды бақылау мәселелері жөніндегі халықаралық конференцияда баяндама жасады. Еуропа клиникалық токсикология ассоциациясының мүшесі (1997 жылдан).