Емшіге алданған қазақстандық әйел әрекетсіздік танытқан полицейлерді сотта жеңіп шықты
Орал тұрғыны 2022 жылы 59 миллион теңгеге алданып қалғанын айтып, полицияға шағымданған. Бірақ полиция іс бойынша мүлде әрекет етпеген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: polisia.kz
Тұрғынның сөзінше, ағасының ауруына байланысты хабарласқан биоэнергетикалық дәрігер оны 59 миллион 587 мың теңгеге алдап кеткен. Алаяқтық фактісі бойынша іс қозғалған. Дегенмен арызданушы полицейлердің жұмысына мүлдем риза болмаған.
Ол Астанадағы Есіл ауданының полиция бөлімін сотқа берген. Дегенмен сот оның арызын бірнеше рет қанағаттандырмай тастаған. Тергеу органдарының бұл әрекетінен шаршаған ол полициядан моральдық шығынды өтеуді талап етіп, сотқа шағымданған. Оның арызы Ақтөбедегі азаматтық істер жөніндегі сотта қаралды.
Ақтөбе қалалық сотының судьясы Әбубәкіров алаяқтық істі тергеу барысында елордалық полицейлердің іс жүзінде Қылмыстық іс жүргізу кодексінің нормаларын бұзғанын хабарлады. Олардың заңсыз әрекетсіздік танытқанын, полиция департаментінен қарамағындағы қызметкерлерге ведомстволық бақылау жүргізілмегенін мәлімдеді.
Сот талапкердің пайдасына шешім шығарып, Есіл аудандық ішкі істер бөліміне моральдық шығын ретінде 500 мың теңге өндіруді міндеттеді.
Айта кетейік, бұған дейін Ақтөбеде көмек сұраған әйелдің қоңырауын жауапсыз қалдырған 112 қызметкері сотталған еді.