Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Астанада республикалық әйелдер форумы өтті

Мереке қарсаңында әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның 25 жылдығына орай ауқымды форум өтті. Оған еліміздің түкпір-түкпірінен өз саласының алдыңғы шебінде жүрген 500-ден астам әйел жиналды. Олардың қатарында белгілі саясат және қоғам қайраткерлері, журналистер, кәсіпкерлік, білім және ғылым салаларының өкілдері және көпбалалы аналар бар. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Астана қаласы ішкі саясат басқармасының баспасөз қызметі

Іс-шараның негізгі мақсаты  – әйелдердің қазіргі қоғамдағы рөлін талқылау, олардың өзін-өзі дамытуға және елдің саяси өміріне қатысуын қамтамасыз ету, тәжірибе алмасуға бағытталған бастамалар ұйымдастыру.

Форум танымал суретші Лейла Махаттың халықаралық әйелдер күніне арналған заманауи бейнелеу өнер көрмесімен басталды. Суретші әйел бейнесін түсіріп, оған ерекше сипат пен мағына берген. 

Іс-шараға Қазақстан Республикасының президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрағасы, Қазақстан Республикасының мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен, "Amanat" партиясының хатшысы, Қазақстан Республикасының президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшесі Шолпан Каринова, "Самұрық-Қазына" АҚ Басқарма Төрағасы Нұрлан Жақыпов және басқа да түрлі сала өкілдері қатысты.

“90 мың шағын және орта бизнес субъектісін әйел басқарады”

Іс-шараның ашылуында сөз сөйлеген Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрағасы, Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева қазір әйелдің қоғамдағы орнын айқындап, аса маңызды мәселенің бірі болған тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, әйелдердің құқығы мен мүмкіндігін кеңейту бойынша жүйелі шаралар қабылданып жатқанын атап өтті.Фото: Астана қаласы ішкі саясат басқармасының баспасөз қызметі

Ал Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен Астана әйелдері қаланың әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси өміріне үлкен үлес қосып жүргенін тілге тиек етті. 

“Елорданың еңбек нарығының жартысынан көбі, яғни 51% астамы әйелдерге тиесілі. Шамамен 90 мың шағын және орта бизнес субъектісін арулар басқарады. Елордада 75 мыңнан астам әйел медицина мен ұрпақ тәрбиелеу саласында жұмыс істейді. Мемлекет басшысының бастамасымен әйелдерді саяси және қоғамдық өмірге араластыруға ерекше назар аударылып келеді . Қазір қала әйелдерінің 50% жуығы мемлекеттік қызмет атқарады. Қалалық мәслихаттағы әйелдер үлесі – 24% (8 әйел), қоғамдық кеңесте – 20% (6 әйел)”, – деп атап өтті әкім орынбасары. 

“Бұл іс-шара комитет құрылған 25 жыл ішінде әйелдер не істегенін көрсетеді” дейді әйелдерге арналған “Бақытты отбасы” республикалық орталық жетекшісі, “Алтын орда” авторлық дизайн орталығының негізін қалаушы, этносәнгер және жемқорлыққа қарсы күрес республикалық кеңесінің мүшесі Ырза Тұрсынзада.  

Іс-шараға Батыс Қазақстаннан келген қолөнер шебері Тоғжан қоғамдық қызметке белсенді араласады. Ол – өңірдегі іскер әйелдер кеңесінің мүшесі.

“Орал қаласынан келдік. Бізді форумға қоғам қайраткері Ырза Тұрсынзада шақырды. Форум ұнап жатыр, өз ісінің алдыңғы қатарында жүрген әйелдер жиналған. Көп ақпарат алып, ресурс жинап жатырмыз, – дейді текемет шебері Бабиева Тоғжан. 

Фото: Астана қаласы ішкі саясат басқармасының баспасөз қызметі

Бұл форумға қатысушылардан бөлек сарапшы мамандар да шақырылған екен. Олар әйелдер қоғамда қандай мәселені көтеріп жатқанын, олар үшін не нәрсе өзекті болып отырғанына талдау жасайды. 

Форумның екінші бөлімінде спикерлер TEDX форматында сөз сөйледі. 

Фото: Астана қаласы ішкі саясат басқармасының баспасөз қызметі

Қазақстан президенті жанындағы ғылым академиясының президенті Күнсұлу Закарья ғылым мен инновациядағы әйелдерге тоқталып, ғылымдағы әйелдер ойлап тапқан жаңалықтар туралы баяндаса, Астанадағы “Ырыскелді қажы” мешітінің бас имамы Нұрлан Байжігітұлы исламдағы әйелдің рөлі туралы айтып берді. Сонымен қатар Қазақстандағы ең жас ректор Лаура Қарабасова сөз сөйледі.

Форум соңында жиналған арулар бір-бірін мерекемен құттықтап, “Ана” әнін халықаралық байқау жеңімпаздарымен бірге шырқап, көңілді тарқасты. 

Балнұр Қожагелді
Сәрсенбі, 06 Наурыз, 2024 17:53
Талқылау