Елордада "Тұрғындар аманаты" жобасы аясында алғашқы сенбілік өтті
3 мамыр күні елордадағы "Тұрсын Астана-2" тұрғын үй кешенінің ауласында AMANAT партиясының қалалық филиалының, Сарайшық ауданы әкімдігінің және Тұрғын үй меншік иелері бірлестігінің ұйытқы болуымен "Тұрғындар аманаты" жобасы аясында сенбілік өтті. Шара барысында тұрғын үй кешенінің ауласына киіз үй тігіліп, тұрғындар арасында ұлттық ойындардан жарыстар ұйымдастырылды. Сондай-ақ ұлттық дәстүрімізді дәріптеу мақсатында тұсау кесу рәсімі өтті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Айтулы шара AMANAT партиясы "Алматы" аудандық филиалының төрағасы Азамат Айтхожиннің құттықтау сөзінен басталды.
"Тазалық әркімнің өз үйінен басталады. Сондықтан бүгін "Тұрғындар аманаты" бағдарламасы аясында осы тұрғын үйдің ауласын тазартып, көгалдандыруға жиналып отырмыз. Әркім өз ауласын тазартып отырса, айтулы нәтижеге қол жеткіземіз деп ойлаймын", – деп партия өкілі жиылған қауымға шараның маңызын түсіндіріп өтті.
AMANAT партиясының Астана қалалық филиалының атқарушы хатшысы Мұхаммед Болысбектің айтуынша, бұл шара тұрғындарды бірлікке шақыру, ауланы тазарта жүріп, өскелең ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтарымызды сіңіру, қаланы таза ұстауға бағыттау, әлеуметтік бағдарламаларды түсіндіріп, насихат жүргізу мақсатында қолға алынған.
Сенбіліктің ресми бөлімі аяқталған соң тұрғындар аулаға бірнеше түп ағаш отырғызып, аумақты абаттандыру жұмысына атсалысты.
"Бүгін "Тұрсын Астана-2" тұрғын үй кешенінде арнайы шара өтіп жатыр. Бұл шара тұрғындардың қатысуымен ұйымдастырылып отыр. Мұндағы мақсатымыз тұрғындарды бірлікке, тазалыққа, қоршаған ортаны таза ұстауға шақыру және Үй кеңесімен алдағы уақытта атқарылатын жұмыстарды ақылдасу", – дейді "Тұрсын Астана-2" тұрғын үй меншік иелері бірлестігінің төрағасы Қуаныш Оспанов.
Сенбілікке белсене қатысқан тұрғындардың бірі мұндай шара еліміздің басқа өңірлерінде де қолға алынса екен деген тілегін жеткізді.
"Тұрғын үй меншік иелері бірлестігінің төрағасы үй чаттарына сенбілік өтетінін хабарлады. Бүгін көршілермен тал егуге шықтық. Тұрғындардың өзі бастамашы болып аулаға ағаш егу өте қиын. Бюрократия бар, әкімдіктен рұқсат алу біраз әуреге салады. Бұл істі ресми түрде Тұрғын үй меншік иелері бірлестігі арқылы іске асырған әлдеқайда нәтижелі болады. Сондықтан мұндай акциялар жүйелі түрде ұйымдастырылып тұрса және тек өз ауламызды емес, бүкіл Қазақстанды қамтыса деген тілегіміз бар", – дейді "Тұрсын Астана-2" тұрғын үй кешенінің Берік есімді тұрғыны.
Сондай-ақ шара аясында тұрғын үй кешенінде тұратын балақайлар арасында арқан тарту, гір көтеру және асық ату сынды ұлттық ойындардан жарыстар өтті. Тұрғын үйдің кішентай тұрғындары жарыстарға белсене қатысып, өзара күш сынасты. Жеңімпаздарға арнайы кубоктар табыс етілді. Шара барысында сенбілікке жиналған қонақтар аулаға тігілген киіз үйден дәм татып, тұсау кесу рәсіміне куә болды.
Айтар кетері, "Тұрғындар аманаты" пилоттық жобасы партияның Астана қалалық филиалының бастамасымен осы жылдың ақпан айында басталған.
"Қазіргі таңда AMANAT партиясының 13 партиялық жобасы бар. Астана қалалық филиалы ретінде "Тұрғындар аманаты" деген тағы бір бастама көтердік. Ондағы мақсатымыз – қауіпсіз, жайлы және заманауи орта құру. Көп нәрсе Пәтер иелері кооперативтерінің сауатты жұмысына байланысты. Қазіргі таңда партияның қалалық филиалының жанындағы қоғамдық қабылдауға түсетін он сұрақтың екеуі тұрғындардан немесе кооператив өкілдерінен келеді, көп мәселе электр жабдықтары, жылу жабдықтары қаланың балансына дұрыс берілмеуінен туындаған. Тұрғындар тарапынан Пәтер иелері кооперативтерінің жұмысына арыз-шағым өте көп түседі. Осы тұрғыда талдау жасай келе, "Тұрғындар аманаты" жобасын қолға алдық. Пәтер иелері кооператив өкілдеріне және Меншік иелері өкілдеріне әлеуметтік бағдарламалар мен тұрғын үй қатынастары заңнамасын түсіндіру бағыты бойынша оқыту курстарын, семинарлар ұйымдастырдық", – дейді партия өкілі Мұхаммед Болысбек.
Жоба аясында Астанадағы 1116 Пәтер иелері кооперативінің 538 өкілі арнайы курстан өткен.

"Мәһрге наубайхана ашып беруді сұрадым": Египеттік жігітке тұрмысқа шыққан қазақ қызының тойы желіде қызу талқыға түсті
