Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Елордада белгісіз адам онлайн сабақтың өтуіне кедергі келтірген

Астаналықтар белгісіз адам кіріп алып, әдепсіз қылықтар көрсетіп, онлайн сабақтың өтуіне кедергі болды деп шағымданды. Zoom платформасын бұзып кірген ер адамды мұғалім алдымен шығарып жіберуге тырысқан, алайда ұнамсыз дүниелерді көрсете бастаған адамға шарасы қалмағандықтан онлайн конференциядан ұстаздың өзі шығып кетуіне тура келген, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Бұл туралы инстаграм желісіндегі “Шағымдар Астана” парақшасы жариялаған.

"Мұғалім оны алып тастай алмаған соң конференциядан өзі кетті. Неліктен мемлекет қорғалған және қауіпсіз онлайн оқыту платформасын құра алмайды? Сөз жоқ, бәрі бұған көз жұмып қарайды", – деп шағымданды хабарлама авторы. 

Білім басқармасы бұл оқиғаның № 61 орта мектептің 6-сынып оқушыларымен Zoom платформасында өткізген кезде болғанын растады. 

"Сабақ барысында Мұрат есімді белгісіз адам өзін біртүрлі ұстады. Мұғалім конференцияны толығымен жабуға мәжбүр болды. Өйткені ол адамды платформадан алып тастай алмады. Болған оқиғадан кейін мектеп директоры осы сыныптың оқушыларымен және ата-аналарымен, сондай-ақ ұжыммен түсіндіру жұмыстарын жүргізді", – деп хабарлады басқарма.

Басқарманың баспасөз қызметі мұғалімнің балаларды онлайн сабақта қалдырып кеткенін немесе түгелдей тоқтатқанын растай да, жоққа да шығара алмады. 

"Білім басқармасы осындай жағдайлардың алдын алу үшін мектеп басшыларымен шұғыл жиналыс өткізіп, мұғалімдерге платформада жұмыс істеу үшін арнайы әдістеме әзірлеп, ұсынды. Болған жағдайға қатысты құзырлы органдар айналысады", – деп толықтырды басқарма.  

Бқл елдегі алғашқы жағдай емес. 2020 жылы да онлайн сабақ кезінде өзге адамдардың платформаға қосылып, порнографиялық видеолар мен әдепсіз сөздер айтқаны туралы шағымдар түскен болатын.

Талқылау