Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Елордада 31 жастағы тұрғын супермаркеттен бесікарбаға салып азық-түлік ұрлаған

Елордада 31 жастағы тұрғын супермаркетте ұрлық жасап жатқан жерінен ұсталды. Ол азық-түлікті бесікарбаға жасырып алып кетпекші болған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Polisia.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды.

Жедел іздестіру іс-шаралары барысында Сарыарқа аудандық полиция бөлімінің жедел уәкілдері ұрлықпен айналысқан 31 жастағы қала тұрғынын анықтады.

Әйел балаларымен супермаркетке келіп, тауарларды таңдағанда кейбірін ақшасын төлемей кассадан өткізіп жіберген. Ол ұрланған азық-түлікті балалар арбасына жасырған. Алайда ұрлық бейнебақылау камераларына түсіп қалған. Кадрлардан әйелдің тағамды нақты қайда жасырғанын көруге болады.

Осылайша ол супермаркетке үш рет барып құны 96 мың теңгеден асатын тауарды алып кеткен. Ұрланған заттар арасында алкогольдік ішімдіктер, жеңіл тағамдар, ет, балалар тағамы, косметика және тұрмыстық заттар болған. Әйел ұрлық жасағанын мойындады. Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Талқылау