Елімізге танымал жазушылар латын әліпбиінің нұсқасына қарсы шықты
Парламентте ұсынылған латын әліпбиінің жаңа нұсқасы ұлттың болашағына қауіп төндіріп тұр! Елдің ертеңіне алаңдаған қазақ қаламгерлері осылай дабыл қақты, – деп хабарлайды КТК арнасы.
Сурет: Казинформ
Қазақ тілінің келешігіне алаңдаған қаламгерлердің қабағы қатулы. Жазушылардың «артық әріпке әліпбиден орын жоқ» деген пікірін академик Өмірзақ Айтбайұлы да қуаттады.
“Жолдан қосылғандарға жол жоқ. Сондықтан тіл білімі институты ұсынған жобаны ысырып тастап, ұлттық мүддені емес. Басқа бір батыс көзіне айналдыруға тырысқандарды қолдауды тарихи қателік деймін”, – дейді Ұлттық ғылым академиясының академигі Өмірзақ Айтбайұлы.
«Бір әріп бір таңба» қағидасын ұстанған Тіл білімі институтының нұсқасында 32 әріп бар. Жазылуы, оқылуы оңай болғанмен, қазіргі техниканың тіліне келмейді дейді кейбір мамандар. Ал, дауға айналған әліпбиде 25 әріп таңбаланған. Бірақ, бір дыбысты екі әріппен белгілесек, халықтың латын әліпбиіне деген көңілі су сепкендей басылады дейді жазушылар.
“Бізде кирилицамен оқитын мектептер бар. Ертең баланың басын қатырып қайтеміз деп, соған бере салуымыз мүмкін. Кеудесін қаққан қазақтың 10-15 пайызы ғана қала ма деп қорқамын латынмен”, – дейді Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Нұрлан Оразалин.
Жазушы Бексұлтан Нұржекеұлының айтуынша, таңбадан бұрын емле ережесі жасалу қажет. Сонымен қатар, тілі білімі институтының жобасындағы кейбір кемшіліктерді де тізбелеп өтті. “Бір дыбысқа бір таңба дегенде, біз не үшін көшіп отырмыз. Қазқ тілінде үндестік заңы бар. Сол сақталмаған екен”, – дейді жазушы Бексұлтан Нұржекеұлы.
Алаң көңіл қаламгерлер латын әліпбиіне көшудің саяси астарына да үңілді. Күні ертең бірі латын, бірі кирилица болып, ел іші екіге бөлінбей ме деген қорқынышын жасырмады. “Орыстар да қабылдасын, әзірбайжандар, түріктір бар. Олар да латынша қабылдасын. Латынменен орысша түсінігін алып келетін болсын”, – дейді ақын Иран Ғайып.
Мамандар тіл білімі институты ұсынған жоба техника тіліне келмейді дегенмен келіспейді. Оған мысал ретінде бұл нұсқамен сай келетін неміс тілінің пернетақтасы ұсынылды. Президент те бұған дейін асығыс шешім қабылдамай, талқыға салу қажеттігін баса айтқан болатын. Латын әліпбиіне көшу уақыт талабы екені ақиқат. Бірақ, таласқа түскен «бір дыбыс екі таңба» немесе «бір дыбыс бір таңба» жобасының қайсы жеңіске жететіні уақыттың еншісінде.
Естеріңізге салсақ, жақында Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың үйлестіру-әдістемелік орталығы Мәжілісте латын графикасына негізделген қазақ әліпбиінің жаңа нұсқасын ұсынған болатын. Онда барлығы 25 әріп белгіленсе, қалған қазақша дыбыстар қос әріппен жазылған. Ал, бүгін шу көтерген ақын-жазушылар Ахмет Байтұрсынов атындағы тіл білімі институты ұсынған 32 әріптен тұратын әліпбидің нұсқасын құп көріп отыр.
Жіберіп алмаңыз:
Ақтөбеде бейітті бизнеске айналдырмақ болғандардың басы бәлеге қалды
Елімізде бензин тағы қымбаттады
Желіде әйгілі дінтанушының жесір әйелді жыныстық қатынасқа шақырған видеосы пайда болды (видео)
Ақсақал президент Назарбаевқа қалай сәйгүлік сыйлағанын айтып берді