Еліміздің үш қаласында мессенджер арқылы есірткі сатқан қылмыстық топ ұсталды
Астана, Көкшетау және Қарағанды қалаларында мессенджер арқылы есірткі сатқан қылмыстық топтың 11 мүшесі ұсталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелерін сәуір айында ұсталған. Кейін 3 қаладағы 9 мекенжай бойынша тінту жұмыстары жүргізілген.
Тергеу барысында қылмыстық топтың әр қатысушысы есірткіні буып-түю, сақтау, тасымалдау немесе тарату, топтың ақшалай кірістері мен шығындарын бақылау сияқты нақты рөлдерді орындағаны дәлелденді. Ал қылмыскерлердің бірі бизнеспен қамтылған қалалар бойынша есірткінің аса ірі партиясын сақтау және тасымалдауға жауапты болған. Екіншісі қаржылық кірістер мен шығындарды бақылау үшін топ мүшелеріне “жалақы” төлеп, “жоғалған” есірткілер үшін айыппұл салумен айналысқан.
Сондай-ақ топ мүшелерінің бірі есірткі сатылатын интернет-арналардың жұмысын қамтамасыз еткен. Әрі жаңа клиенттерді белсенді түрде тартып, онлайн-конкурстар, ұтыс ойындары мен акциялар өткізген. Топ мүшелерінің бірі кәмелетке толмаған колледждің 2-курс студенті екен. Оның үстінен заңсыз айналымнан 3 келі есірткі тәркіленді.
Қылмыстық іске заттай дәлел ретінде ұлттық және шетел валютасындағы қаражат, қылмыстық әркетте пайдаланылған ұялы телефондар, ноутбуктер, сим-карталар қоса тіркелді. Есірткі сататын үш интернет-дүкеннің жұмысы тоқтатылды.
“Ұйымдастырушыға және есірткі бизнесіне қатысушыларға аса ірі мөлшерде есірткінің заңсыз айналымынан басқа Қылмыстық кодекстің 262-бабы “Ұйымдасқан топты құру, оған басшылық ету және қатысу” бабы бойынша айып тағылып отыр. Мүлкі тәркіленіп, он екі жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделеді”, – деді ішкі істер министрлігі есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті бастығының орынбасары Асқар Мұхаметқалиев.
Мақсатым — Олимпиада. Жаңа бапкерлік штаб 1,5 жылда нәтиже береді — Ғұсман Қырғызбаев