"Еліміздегі ең көрікті жерден айырылып қаламыз": Депутат дабыл қақты
Мәжіліс депутаты Данияр Қасқарауов кәсіпкерлер рұқсат берілмеген жерге қонақүй, дәмхана салып жатқанын айтып, үкіметке сауал жолдады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Депутаттың айтуынша, бірде-біреуінің құрылыс салуға рұқсат қағаздары жоқ. Жер мақсатсыз пайдаланылып отыр. Депутат ұлттық парк аумағында капиталды құрылыс жүргізуге болмайтын ережені ешкім елемей отырғанын жеткізді.
“Құзырлы орындар да оны тексеруге, шара қолдануға құлықсыз. Ресми мәлімет бойынша соңғы бір жарым жылда "Көлсай" көлдеріне жарты миллион турист келген. Көлдің айналасында бос жер жоқ. Айналаның бәріне шамамен үш жүздей киіз үй мен тамақтану шатырлары тігілген. Ешқайсысында дәретхана жоқ. Таулы аймақта кәріз жүйесі болмағандықтан шайынды сулар мен нәжіс жерге сіңіп жатыр. Септик, ассенизатор деген атымен жоқ. Осылайша тұмса табиғаттың экологиясы бұзылып жатыр. Қала берді түтіні будақтаған көліктер көлдің басына дейін барады”, – дейді Данияр Қасқарауов.
Сөзінше, Алматыдағы Медеу мен Шымбұлақ шатқалдарына тек электромобильдердің кіруіне ғана рұқсат берілген. Екеуінің де ұлттық парк деген мәртебесі бар.
“Көлсайға да сондай шектеу енгізбесек, енді 5-6 жылда еліміздегі ең көрікті жерден айырылып қаламыз. Біз сыртқа кеткен активтерді қайтарамыз деп жаңа заң қабылдадық. Ел ішінде де кезінде қолды болған, арзан бағаға сатылған, заңсыз өзгенің иелігіне өткен осындай шұрайлы, ерекше қорғауды қажет ететін жерлер бар. Арнайы комиссия құрылып соларға кешенді тексеру керек”, – дейді депутат.
Депутат тек Көлсай ғана емес, сонымен бірге барлық ұлттық парк аумағындағы сатылған, ұзақ жылға жалға берілген барлық жердің заңдылығын тексеріп, мемлекет меншігіне қайтару қажет екенін айтты.