Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Елімізде жеңіл өнеркәсіп өндіріс бойынша Алматы қаласы 1 орында тұр

Қазақстан әскері мен спортшылары елімізде өндірілген киімді киіп, қарапайым халық отандық өндірісті таңдауы үшін жеңіл өнеркәсіпке қолдау көрсету қажет. Осы тұста Stan.kz тілшісі #ОтандықӨндіріс медиа жобасы аясында Алматы қаласындағы бірнеше өндіріс фабрикасына барып, олардың жұмысымен танысып қайтты.

2011 жылы ашылған "Қазлегпром-Алматы" ЖШС негізгі тігін цехында 700-ден астам адам жұмыс істейді. Ал компанияның Алматы маңындағы Ұзынағаштағы цехында 150-ге жуық адам жұмыспен қамтылған. Қызметкерлердің орташа жалақысы – 200-250 мың теңге. Цехта қысқы, жазғы киімдермен қатар, аяқ киімдер де тігіледі.

"Дәл қазір ұлттық ұлан мен қорғаныс министрлігінің тапсырысымен, әскери адамдардың қысқы киімдері мен салтанатты рәсімдер және мемлекеттік шерулерге арналған киімдерін тігіп жатырмыз. Ал аяқ киім өндірісіне келсек, кәдімгі қарапайым туфлилерден бастап, ауыл шаруашылығы мен әскерилерге арналған аяқ киімдерді де дайындаймыз. Күніне 1500 дана аяқ киім және 2000 мың дана күртешелер мен костюмдер шығарамыз", – дейді "Қазлегпром-Алматы" ЖШС директоры Олжас Зияханов.

Компания мемлекеттік тапсырыстан бөлек, жеке кәсіпкерлер мен компаниялардың да тапсырыстарын орындауға дайын. Осы кезге дейін отандық "ҚазМұнайГаз", "Қазақстан теміржолы" компанияларымен қоса, ресейлік "Газпромнефть" компаниясының тапсырыстарын жасаған. Алайда бұл ауқымды жұмыстың өзі қытайлық немесе қырғызстандық экспортпен бәсекеге түсе алмайды екен. Себебі Қытай мен Қырғызстаннан келетін тауарға қарағанда, отандық өнімнің бағасы қымбат.

"Біз нарықта шетелден келетін кіимдермен бәсекелес бола алмай отырмыз. Себебі ол жақтан келетін өнім өте көп, ал бізде күніне 2000 дана киім тігіледі. Тігін цехы мен аяқ киім фабрикасының өндірістік қуаты жылына 1,5 миллионға дейін түрлі бұйымдар мен 500 мың жұп аяқ киім шығаруға мүмкіндік береді. Екінші жағынан жеңіл өнеркәсіпке керек жабдықтардың жартысын шетелден алуға мәжбүрміз. Түркиядан, Қытай мен Қырғызстаннан матадан бастап, басқа заттарға дейін аламыз. Салыстырмалы түрде алғанда шетелден келген жабдықтар мен импорттық киімдердің бағасы шамалас. Киімдердің шекарадан қалай өткізіліп жатқаны белгісіз", - дейді "Қазлегпром-Алматы" ЖШС өндірісінің директоры.

Алматыдағы үздік өнеркәсіптердің бірі "ҚазСПО-N" ЖШС 1996 жылдан бастап киім тігумен айналысады. Компания қызметінің негізгі бағыты – мұнай-газ секторының арнайы бөлімшелері үшін жұмыс киімдерін, табиғи мамықтан сырт киімдерді дайындау және ZIBROO брендімен спорттық формалар, Alerma сауда белгісімен қыстық күртешелер шығару.

"Біз жылына 30-40 мыңға дейін өнім шығарамыз. Спорттық киімдер ұлттық нақышта жасалғандықтан Қазақстанда сатылады. Ал қысқы күртешелердің 80%-ға жуығы экспортқа кетеді. Негізі Ресейден сатып алушылар көп. Онлайн-дүкендер арқылы сол жаққа жібереміз. Біздің күртешелердің ең басты артықшылығы оны кір жуғыш машинада жуа беруге болады", - дейді "ҚазСПО-N" ЖШС директоры Елена Свечникова.

Кәсіпорын көп жылдан бері қазақстандық спортшылардың халықаралық жарыстарға киетін киімдерін дайындап келеді. Дәл қазір Қытайда өтіп жатқан Азия ойындарына ұлттық құрама осы өндіріс орынында шығарылған киіммен аттанды.

"Біздің кәсіпорында матаның қаттылығы мен қыл-қыбырының сапасын анықтайтын жеке зертхана бар. Тігіншілерді осы жерде өзіміз оқытып, дайындаймыз. Оқу тегін, кейін бірден жұмысқа аламыз. Орташа жалақы шамамен 200 мың теңгенің көлемінде. Қазір өндіріс аясын кеңейту үшін Есік қаласынан тағы бір цех ашуға дайындалып жатырмыз. Осы жылдың соңына дейін іске қосамыз", - дейді "ҚазСПО-N" ЖШС директоры.

Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, қазір еліміздегі өнеркәсіп саласы бойынша Алматы қаласы бірінші орында тұр. 2023 жылдың 8 айында 1 миллиард 303,7 миллион теңгеге тұрарлық өнім өндірілді.

"Қаланың барлық 8 ауданында өнеркәсіп өндірісінің көлемі ұлғайды. Қазір Алматы қаласы Қазақстан Республикасының барлық өңірлері арасында 1 орынға орналасты. Қаламыздың өнеркәсіп өндірісіндегі өсім Алатау ауданындағы Алматы индустриалды аймағының дамуымен тығыз байланысты. Алатау ауданында өнеркәсіп өндірісінің көлемі  – 466,9 миллиард теңге, оның ішінде өңдеу өнеркәсібі – 429,9 миллиард теңге", – дейді Алматы қаласы кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы өнеркәсіпті дамыту бөлімінің басшысы Әбілқайыр Аймұхамбет.

Талқылау