Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Бала не себепті қоянжырық дертімен туады?

«Қоянжырық» немесе халық арасында «қасқыр ауыз» деп таралған дерт қазір жаңа туған нәрестелерде дендеп келеді. Балалар арасында кездесетін кеселдер ішінде жүрек ауруынан кейін 2-орында тұр, дейді дәрігерлер. Мұндай туа біткен ақауларды нәресте жарық дүниеге келмей тұрып УЗИ-дің көмегімен анықтауға болады.

Бұл туралы Алматы арнасы хабарлайды.

6 күн бұрын Салауатқа жасалған ота сәтті өтіп, ертең үйлеріне қайтпақшы. Бірақ осы уақытқа дейін анасының сенімінен көрі күдігі басым болған еді. Назгүл Зәмземхан осыдан 8 ай бұрын торсықтай ұлын дүниеге әкеледі. Жүкті кезінде бірнеше мәрте УЗИ-ге түскенде мамандар міні жоқ, сап-сау бала деп сипаттаған нәрестесі «қоянжырық» болып туған. Назгүлдің айтуынша, өзінің тұқымында мұндай дерт болған екен. Дегенмен, баласының кемістігін көргенде қатты қорыққан.

«Баламды көргенде шошып кеттім, өзім түсінбей қалдым. Кейін дәрігерлер айтып, медицина дамыған, балаң жақсы боп кетеді деп жұбатты. Осында келгенде де мұндай балалардың көп екенін көріп көңілім орнына түсіп қалды», – деді Назгүл Зәмземхан.

«Ақсай» университеттік клиникасында Қазақстанның түкпір-түкпірінен келіп емделетін балалардың 99 пайызы дәл осы ерін жырығымен ауыратындар. Мұнда күніне орта есеппен 2-3 балаға ота жасалады. Аталған дертке 1 жасқа дейін, таңдай жырығына 1 жастан және қосымша операциялар 5 жастан кейін жасалады.

«Қоянжырықтың» бірнеше түрі бар: ерін жырығы, таңдай жырығы және бір жақты екі жақты болып келеді. Ауыздан мұрынға дейін жоғарғы еріннің жырығы жиі кездеседі. Бүгінде бұл потологияда емделеді деп толықтай айта аламыз. Тек хирургиялық және тіс дәрігерлері тарапынан толық сауықтыру шаралары дұрыс жүргізілуі тиіс», – деді «Ақсай» университеттік клиникасының хирург-дәрігері Ділшат Кәрімұлы.

«Қасқыр ауыз» дертінің негізгі себебінің бірі – вирустық инвекциялар,- дейді  ақ халаттылар. Бұдан өзге тұқым қуалаушылық, баланың анасында фолий қышқылының жетіспеушілігі мен анемия да қоянжырыққа себеп. Осы салада 15 жылдан бері қызмет етіп келе жатқан Ділшат Кәрімұлы 5000-нан аса балаға операция жасаған. Олардың барлығы дерлік толықтай сауығып кеткен.

Ресми статистика жүргізілмесе де, дәрігерлер соңғы жылдары қоянжырық дертінің дендеп келе жатқанын айтады. Бір ғана «Ақсай» клиникасының өзінде жылына 700-ге жуық балаға ота жасалады. Оның 90 пайызы алғашқы операциядан соң жақсы нәтиже көрсетсе, қалған 10 пайызына қосымша 4-5 отаға дейін қажет болуы мүмкін. Мәселен, қазір операция үстелінде жатқан Исламға осымен 3 рет ота жасалуда. Жалпы, мұндай балалар 18 жасқа дейін дәрігерлердің қарауында болады.

Қоянжырық дерті жүктіліктің 20 аптасында анықталады.  Ең қиыны, мұндай балалар өздігінен тамақтана алмайды. Ота жасалғанға дейін жасанды жолмен ауқаттануға мәжбүр. Мұндай ақауы бар бала дүниеге келген алғашқы күні-ақ ортодонттың кеңесін алу керек,-дейді дәрігерлер.

«Өкініштісі, аймақтарда осындай балалармен жұмыс істейтін ортодонттар жетіспейді. Және де қазақ тілді логопедтер аз. Мұндай балалардың таза сөйлеп кетуі үшін осы мамандардың білікті болуы аса маңызды», – деді «Ақсай» университеттік клиникасының хирург-дәрігері Ділшат Кәрімұлы.

Дені сау бала туғыңыз келсе, ең алдымен жүктілікті жоспарлаңыз, дұрыс өмір сүріңіз, – деді дәрігер. Әсіресе, бірінші баласын босанатын әйелдің жасы үлкен болған сайын, балада түрлі дерттің болуы ықтимал екен.

Оқи отырыңыз:

Дәрігерлерді таңғалдырған жайт: Алматыда 50-ден асқан әйелдер жасанды жолмен сәбилі болып жатыр

Павлодарлық оқушылар диабетке қарсы сусын ойлап тапты

Баян Мақсатқызының төлқұжаты желіде тарап кетті

Талқылау