Елімізде зейнетақы жинағын тіс емдеуге пайдалану қайта енгізілмек: Отбасы банк мән-жайды айтты

Қазақстанда зейнетақы жинағын емделуге, соның ішінде тіс емдеуге пайдалану қайта енгізілуі мүмкін. Мұны Үкіметтегі брифингте Отбасы банк басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Отбасы банк басқарма төрайымының айтуынша, бұл бағдарлама бұрын халық арасында үлкен сұранысқа ие болған.
“Бұл өте қажет әрі маңызды бағдарлама болды. Қазір де зейнетақы жинақтарын алу жалғасып жатыр. Бірақ бұрын азаматтар оны емделуге де пайдалана алатын. Өкінішке қарай, халықтың шамамен 10%-ы қаражатты мақсатсыз пайдаланған. Сол себепті 90% адам осы мүмкіндіктен айырылып қалды. Меніңше, бұл әділетсіз”, – деді Ибрагимова.
Ләззат Ибрагимованың айтуынша, қазір бұл процесті барынша ашық ету үшін жұмыстар жүріп жатыр. Осы мақсатта 2026 жылдың соңына дейін емделуге арналған қаражат алу тетігін толық онлайн форматқа көшіру жоспарланған.
“Біз Денсаулық сақтау министрлігімен тығыз байланыста жұмыс істеп жатырмыз. Міндетіміз бұл қызметті қолжетімді әрі толық ашық ету. Жүйеге стоматологиялық клиникалар мен басқа да медициналық ұйымдар енгізіледі. Барлық қызмет онлайн түрде, атқарылған жұмыстар актілері арқылы рәсімделеді және жүйе Денсаулық сақтау министрлігімен интеграцияланады”, – деді ол.
Сонымен қатар Ибрагимова бұл бағдарламаны қайта іске қосу туралы шешімді Денсаулық сақтау министрлігі қабылдайтынын айтты.
“Бағдарламаны тоқтату немесе қайта іске қосу Денсаулық сақтау министрінің бұйрығымен жүзеге асады. Қазір Отбасы банктің ішінде арнайы портал әзірленіп жатыр”, – деді банк басшысы.
Оның сөзінше, қазір банк жүйені автоматтандыру және тұрғын үйді бөлу мәселелеріне қатысты басым бағыттармен айналысып жатыр.
“Емделуге арналған зейнетақы қаражатын пайдалану мәселесі жоспарымызда үшінші-төртінші тоқсанда қарастырылады”, – деді Ибрагимова.
Мән-жайы
Айта кетейік, бұған дейін Отбасы банкі 15 қыркүйектен бастап зейнетақы жинақтарының артығын стоматологиялық емге пайдалану бойынша өтінімдерді қабылдауды тоқтататыны хабарланды. Сонымен қатар Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан жалған стоматологиялық қызмет көрсету арқылы 200 миллиард теңгені заңсыз шығару фактілері анықталғаны белгілі болды.
Артынша денсаулық сақтау министрлігі зейнетақы жинағын емделуге пайдалану ережелерін өзгерту үшін жаңа ұсыныстар дайындаған еді.
Қазақстан әйелдерінің үйдегі тегін еңбегінің құны қанша: Есептеп көрдік