Менімен түйдей құрдас құдашам бар еді. Екеуміз жақын араласып, сырлас-мұңдас болып жүрдік. Ол өзінің сүйген жігітіне күйеуге шығып, төрт балалы болды. Төртіншісін босанғаннан кейін күйеуімен екеуінің арасы салқындап кеткенін айтып жүретін. Бірақ оның соңы ажырасуға соқтырады деп ойламаппын. Кездескен сайын күйеуінің үйге кешігіп келетін әдет тапқанын, өзіне көңіл бөлмейтінін, балалардың шуылын да жақтырмай бара жатқанын айтатын. Мен оны отбасындағы ұсақ-түйек жай әңгімеге жатқызатынмын. Сөйтсем екеуінің сезімдері мүлдем суып кеткен бе, ақырында сотқа арыз жазып, заңды түрде ажырасып тыныпты.
Бірақ балалардың қамын ойлап, бір шаңырақтың астында тұруды ұйғарыпты. Құдашам: «Мұны «еворпейский» ажырасу дейді. Олар бізге қарағанда ақылды ғой. Өздерін емес, балаларының бақытын бірінші орынға қояды», – деді өздерінің осы шешімінің дұрыстығын дәлелдегендей болып. «Бірге тұратын болсаңдар, бір-біріңнен ұзақтап кетпесеңдер, несіне ажырастыңдар?», – дегеніме ол: «Бір үйде тұрғанымызбен, бірге тамақтанбаймыз. Мен балаларыммен тамақтанамын. Ол біз ішіп болған соң өзіне ас әзірлейді. Маған сөйлемейді, бірақ балаларымен қарым-қатынасы бұрынғыдай. Мен оның кір-қоңын жуып, жағдайын жасамаймын, еркін, азат әйелмін», – деді.
Мен ойланып қалдым. Себебі бала көңілі өте сезімтал келеді. Олар әке-шешесінің арасындағы салқындықты бірден біледі. Тіпті олардың бір дастарханнан тамақ ішпегендері, сөйлеспегендерінің өздері баланың жанына ауыр салмақ емес пе? Сонда олар кімді алдап жүр?
Жіберіп алмаңыз:
Қалыңмалға он мың доллар әкелген құдалар үйдегі үлкен әжейге ешнәрсе кигізбеген
Астаналық жігіт неке сыйлығына жаңа көлік сұраған қыздың тілегін орындап, өзін тастап кеткен
1 желтоқсанда өмірге келген сәбилердің есімін Қазақстан президентінің құрметіне қойды
Ажырасқан жандар қандай проблемаларға кезігеді
18 жыл күйеуінен зорлық көрген әйел ертерек ажыраспағанына өкінді