Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Елімізде ҰБТ электронды форматқа ауысады

Ұлттық бірыңғай тесті тапсыру тағы өзгереді. Мектептерге бейнебақылау камераларын қою 2 жылда толық шешіледі. Бұл туралы еліміздің бас мұғалімі үкімет отырысында 2025 жылға дейін білім мен ғылымды дамытудың жаңа мемлекеттік бағдарламасын таныстыру кезінде айтты.

Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Евразия арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Асхат Аймағамбетов жиын барысында балалар арасында өршіп тұрған суицид оқиғаларына да тоқталды. Сондай-ақ, 20 жылдап орнын босатпай, білім ошақтарын басқарып отырған директорлардың да мәселесін қарастыратынын жеткізді. Министр тағы не деді?

Бүгін бұқаралық ақпарат құралдарының басты тақырыбына сұранып тұрған жаңалықтарды үкіметке Асхат Аймағамбетов ала келді. Енді ше, 2025 жылға дейін Қазақстанда білім мен ғылымды дамытудың жаңа мемлекеттік бағдарламасын әзірлепті. Ішінде не жоқ дейсің.

Көпшіліктің көкейінде жүрген мәселелердің бірі  - балалардың қауіпсіздігі еді. Министр бағдарлама алдағы бес жылды қамтыса да, негізгі деген шаруаларды кезектен тыс шешуді көздейді.

«Мемлекеттік бағдарлама 2025 жылға дейін есептелінген. Бірақ, біз ары кеткенде 1-2 жылдың ішінде осынау кешенді мәселелер шешілуі тиіс деп есептейміз. Бейнебақылау бойынша келесі жылдың соңына дейін жергілікті басқарудың барлық органдары бұл мәселені шешуі тиіс деген міндет қойып отырмыз. Бұл айта қоярлықтай үлкен проблема емес. Балаларды қорғау мен тасымалдауды қамтамасыз ету үшін 2025 жылды күтудің қажеті жоқ», - деді министр.

Кей мектептің иесі де киесі де атанып, ұзақ жылдар бойы басшылықта отырған, «айдағаны бес ешкі ысқырығы жер жаратын» басшылармен де әңгіме қысқа болады екен. Жұмысқа қабілетті, шаруаны ұршықтай иіре білсе жақсы, ал құр шөппен ауыз сүртетіндердің саудасы бітетінге ұқсайды.

«Мысалы бірқатар ұйым басшысы 20 жылдан астам уақыттан бері бір орында жұмыс атқаруда. Басқару менеджменті бойынша да бүгінгі күні шынын айту керек, сұрақтар көп және бұл мәселе сын көтермейді. Сондықтан балабақша, мектеп, колледж директорларын жаңа жүйеде тағайындайтын боламыз. Оған қоса, алдағы уақытта ротациялау арқылы ауыстыру жүйесін де қолданамыз. Заманауи талаптарға сәйкес дербес басқарудан корпоративті басқаруға білім саласы да көшетін болады», - деді Аймағамбетов.

Қоғамды алаңдатып отырған өзекті мәселердің бірі жасөспірімдердің өз өздеріне қол жұмсауы. Бас мұғалім бұл тек мектептің ғана бас қатыратын нәрсесі болмауы тиіс дейді. Бұл бағытта бірлік қажет екен.  

«Қудалау, психологиялық ахуал, тәрбие жұмысы күн тәртібінде тұрған өзекті мәселе. Суицид туралы жаңалықты жиі кездестіреміз. Мұндай қайғылы жайттарды саны азайып келеді. Бірақ, біз балалардың өз өзіне қол жұмсауын мүлдем болдырмау керекпіз. Бағдарламада аталған проблеманы шешудің жолын қарастырдық. Бірақ, суидцидпен күрес мектеп пен мұғалімнің ғана шаруасы емес. Ата-ана жалпы қоғам да атсалысуы тиіс. Кейде отбасында балаға деген қатал тәрбиенің белгілерін байқаймыз, мектеп пен отбасылар арасында байланыс әлсіз. Мұның бәрі балаға кері әсер етеді», - деді ол.

Бұған қоса ҰБТ тапсыру тәртібі өзгереді екен. Нақтырақ айтсақ ол электронды форматқа көшіріледі. Қалай және қашан іске асатынын министр қосымша хабарламақ.  Бұл күні елімізде педагогика мамандарын дайындайтын университеттер саны - 85. Бұл оқу орындарының саны да қысқарады. Сәйкесінше сапаны арттыруға күш салынбақ.

Тағы оқыңыз: Қазақстанда оқу гранттары көбейеді

Талқылау