Тариф бағасын өзара келісіп көтерген: Қазақстанда үш ұялы байланыс операторы тексеріліп жатыр
Қазақстанның Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі ұялы байланыс операторларының ықтимал баға келісімі бойынша тергеу жүргізіп жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Коллаж Stan.kz
Еліміздегі үш ірі Kcell, Tele2 және Beeline ұялы байланыс операторларының нарықтағы үлесі шамамен 30-40%-ға жуық.
Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі төрағасы орынбасары Болат Сәмбетовтың айтуынша, кейінгі бірнеше жылда операторларға көп шағым түскен.
"Кейінгі жылдары шағым көп түсті. Біз нарықты талдап, тарифтердің көтеріліп жатқанын байқадық. Кейінгі екі жылда байланыс операторларының барлығы бағаны көтерген. Олардың өзара келісіп баға көтерген, көтермегенін тексердік. Нәтижесінде өзара сөз байласып, операторлардың тарифтерді бір уақытта көтергенін анықтадық. Қазір жағдайды егжей-тегжейлі зерттеп жатырмыз", – деді Сәмбетов.
Сәмбетовтың айтуынша, ірі операторлардың біріне қатысты бөлек тергеу жүргізіліп жатыр. Себебі ол монополиялық жоғары тарифтерді белгілеген болуы мүмкін.
Айта кетейік, бұған дейін Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі Кселл, Tele2/Altel және Beeline ұялы байланыс операторларына қатысты тергеп-тексеруді бастағанын хабарлаған еді. Себебі аталған операторлар 2023 жылы тарифтердің бағасын өзара келісіп, көтеріп жіберген.