Елімізде сұйытылған газ бағасы өседі
2024 жылдың бірінші тоқсанында сұйытылған мұнай газының 1 литрі шамамен 5 теңгеге қымбаттайды. Бұл жөнінде Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Энергетика вице-министрі Әлібек Жамауов газ бағасы өзгеретінін мәлімдеді.
“Республикада айына 135 мың тонна сұйытылған мұнай газы өндіріледі. Тұтыну әлдеқайда жоғары. Соның салдарынан тапшылық туындайды. Көлік иелерінің көпшілігі сұйытылған мұнай газына көшіп жатқанын білеміз. Газ баллонын орнату реттелмеген", – деді Жамауов брифингте.
Оның айтуынша, өндіріс тұтыну көлемін толық өтей алмайды.
"Теңізшевройл" компаниясымен ішкі нарыққа ай сайын 10 мың тонна газ жеткізуге келістік. 13 қарашада сұйытылған мұнай газын экспорттауға толық шектеу енгіздік. Біз "Қазросгаз" компаниясымен Орынбор мұнай өңдеу зауытынан сұйытылған мұнай газының қосымша көлемін жіберуге келістік. Қазіргі уақытта тапшылық жоқ”, – деді вице-министр.
Сонымен қатар ол келесі жылдан бастап газ бағасы көтерілетінін айтты.
“Энергетика министрлігі газ бағасын кезең-кезеңімен көтеруді көздеп отыр. 2024 жылдың бірінші тоқсанында сұйытылған мұнай газының бір литрінің құны шамамен 5 теңгеге өседі деп күтеміз. Осыдан кейін алдағы үш жылда газ бағасы жарты жыл сайын көтеріледі", – деп мәлімдеді Әлібек Жамауов.
Елімізде автокөлікті міндетті сақтандырудың құны өзгеретіні айтылды.