Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ел тұрғындары көршілері үшін де су ақысын төлейді деген ақпарат қазақстандықтардың ашуын туғызды

көршілер үшін төлейдіФото: Видеодан скрин

Елімізде 1 қарашадан бастап көпқабатты үйлердегі су есептегіш құрылғыларына қатысты жаңа ереже күшіне енеді. Десе де, қазақстандықтар бұл шешімге наразылығын білдіріп жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Жаңа ережеге сәйкес, егер үйдің ортақ су есептегіші мен жеке пәтерлердегі құрылғылардың көрсеткіштері арасында айырмашылық болса, ол сома барлық тұрғынға теңдей бөлінеді. Десе де, жаңа тәртіп қоғамда қызу талқыланып жатыр. Қазақстандықтар бұл шешімге наразы. Олардың пікірінше, өзге тұрғындардың суды артық пайдалануынан туған айырмашылық үшін бәріне бірдей төлеу әділ шешім емес.

Мәселені түсіндіре кетсек, су есептегіш құрылғысы орнатылмаған пәтерлерде төлем тұрғын үйде тіркелген адам санына қарай есептеледі. Ал кей пәтерлерде есептегіш бар, кейбірінде жоқ үйлерде аралас тәсіл қолданылады. Демек бір бөлігі нақты көрсеткішпен, ал екінші бөлігі әкімдік бекіткен нормамен төлейді.

Барлық пәтерде су есептегіш орнатылған жағдайда ортақ үйлік құрылғының көрсеткіші негізгі есеп ретінде алынады. Пәтерлерде есептегіш орнатылса, онда үйдің ортақ есептегішіндегі көрсеткіш маңызды болады. Мысалы, құрылғы айына 100 текше метр су көрсетсе, ал барлық пәтерді қосқанда 95 текше метр шықса, айырмашылық – 5 текше метр. Сол судың ақысын тұрғындар бірігіп төлейді. Десе де Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі тұрғындар есептегіші жоқ көршілері үшін де төлейді деген ақпаратты жоққа шығарды. 

“Қабылданған әдістеме жаңа төлем түрлерін енгізбейді және су үшін төлем мөлшерін арттырмайды. Құжаттың мақсаты суды жеткізу және бұру көлемін анықтаудың бірыңғай ережелерін белгілеу. Бұрынғыдай төлем су есептегіш құралдарының көрсеткіштері бойынша жүргізіледі. Демек тұтынушы мен су арнасы желілерінің шекарасында орнатылған құрылғы деректері негізге алынады. Ал есептегіші жоқ тұтынушылар үшін төлем мөлшері әкімдік бекіткен тұтыну нормалары бойынша есептеледі”, – делінген хабарламада.

Сондай-ақ министрлік көппәтерлі тұрғын үй тұрғындары үшін де есептеу тәртібі өзгермейтінін айтты.

“Егер үйде жалпы су есептегіш орнатылып, кейбір пәтерлерде жеке есептегіштер болмаса, онда жалпы үйлік және жеке көрсеткіштер арасындағы айырмашылық кондоминиум қатысушылары арасында пропорционалды түрде бөлінеді. Мұндай тәртіп бұрыннан қолданыста болған. Енді түсінбеушіліктердің алдын алу үшін ол жаңартылған әдістемеде нақты бекітіліп отыр. Осы әдістемені қабылдау сумен жабдықтау және су бұру қызметтеріне ақы төлеудің ұлғаюына әкелмейді”, – делінген хабарламада. 

Ал Құрылыс және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық істері комитеті төраға орынбасарының сөзінше, бұл әдістеме төлем қағидаттарын өзгертпейді.

“Ол тек жүйені барынша ашық етеді. Есептегіші бар тұтынушы тек өз тұтынған суы үшін төлейді, ал есептегіші жоқтар бекітілген норма бойынша. Жалпы үйлік және жеке есептегіштер арасындағы айырмашылық бұл ортақ үй қажеттіліктері, ал ол ешқандай қате де, айыппұл да емес. Жасырын қосымша төлем болмайды. Мұндай есептеу тәртібі бұрыннан бар еді" – деді Нұрсұлтан Керімқұлов.

Демек, жаңа әдістеме тұрғындар үшін ештеңені өзгертпейді: тек қолданыстағы тәжірибені біріздендіріп, оны барша өңірлерге түсінікті әрі бірыңғай етеді. Су ақысы өспейді деп кепілдік береді Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі.

Ереже 2025 жылдың 1 қарашасынан бастап күшіне енеді. Ал мамандар тұрғындарға есептегіштерді дер кезінде тексеріп отыруға кеңес береді.

Жұмаділлә Нұрила
Сәрсенбі, 29 Қазан, 2025 09:42
Талқылау