Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Елімізде республикалық автожолдарға енді орташа жылдамдықты анықтайтын камералар қойылады

Алдағы уақытта елдегі республикалық автожолдардың 5,4 мың шақырымына орташа жылдамдықты анықтайтын камералар қойылады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: IStock

Мұны премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен үкімет отырысында көлік министрі Марат Қарабаев мәлімдеді.

Сөзінше, жол-көлік оқиғаларының көпшілігі жылдамдық талаптарын сақтамау салдарынан болады. Мысалы "Астана-Бурабай" тас жолында көліктердің орташа жылдамдығы сағатына 140 км екеніне қарамастан, 180 км жүріп өткен көліктер тіркелген. Көлік министрі ақылы жолдарда орнатылған камералардың орташа жылдамдықты есептеуге мүмкіндігі бар екенін атап өтті.

"Сенатқа "Республикалық жолдарда орташа жылдамдықты енгізу туралы" заң жобасы ұсынылды. Заңды биыл қазанда қабылдау жоспарланған. Жыл соңына дейін республикалық маңызы бар 5,4 мың шақырым автожолдардың орташа жылдамдықты анықтайтын камералармен қамтамасыз етіледі”, – деді Қарабаев.

Қазір бас прокуратура және ішкі істер министрлігімен бірлесіп, камералардың автоматты түрде айыппұл салу тәсілдері пысықталып жатыр. Заң қабылданғанға дейін интеграцияны толығымен аяқтау жоспарланған. Сондай-ақ биыл Қазақстанда жалпы қолданыстағы 12 мың шақырым жол, оның ішінде 8 мың шақырымы республикалық, 4 мың шақырымы жергілікті маңызы бар жол құрылысымен және жөндеумен қамтылғаны атап өтілді.

"Жыл қорытындысы бойынша 7 мың шақырымға жұмысты аяқтау жоспарланып отыр. Алматы – Қарағанды, Талдықорған – Өскемен, Ақтөбе – Атырау – Астрахан және Мерке – Бурылбайтал жолдарының I және II техникалық санатқа ауыстырылып, учаскелерінде жұмыстар аяқталады. Жалпы, қабылданып жатқан шаралар жол қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік береді", — деді министр.

Талқылау