Елімізде пластикалық хирургтер адамның дене мүшелерін жарнамалап жүр
Қазақстанда кейбір танымал хирургтер мен пластикалық емханалар адамның кесілген дене мүшелерін желіде жарнамалап жүр. Көпшілік ақ халаттылардың мұндай әрекетін ерсі деп бағалады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап.
Пластикалық емхана қызметкерлері адамның ота кезінде кесілген дене мүшелері мен артық майларын әлеуметтік желіде ашық жариялап жатыр. Осылайша қыз-келіншектерді артық майдан арылуға шақырады. Өз денесінің желіде жарнама болып жатқанын білмейтін науқастар бар.
Сарапшылардың айтуынша, соңғы кезде 20 мың адам желідегі жиіркенішті жарнамаларға шағым айтқан.
Қазақстан интернет қауымдастығының президенті Шавкат Сабыров мұны бассыздыққа балады.
"Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен өкілетті органдар осындай әрекеттерді бақылауға алу керек. Біз барынша түсіндіріп, жарнамадан алып тастауын сұраймыз. Бірі тыңдайды, бірі тыңдамайды. Бұған заң жүзінде шектеу қою керек", - деді ол.
Пластикалық хирургия және косметологиялық емхананың бас директоры Болат Бөлдекбаев бұны маркетингтік әдіс деп санайды.
"Қызметкерлеріме өзім рұқсат еткенмін. Себебі науқастардың рұқсаты бар. Онда тұрған ешнәрсе жоқ. Бұл жай ғана жарнама, маркетингтік әдіс" , - деді Болат Бөлдекбаев.
Алайда сарапшылар мен заңгерлер заңның жоқтығынан осындай келеңсіз жайттарға жол беріліп жатыр дейді.
"Желідегі материалдарды ересектермен қатар жасөспірімдер де көретіндіктен, бұндайға шектеу болу керек. Этикалық нормаға жатпайды", - деді заңгер.