Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Елімізде күріш бағасын көтерген дақыл өндірушілерге 70 миллионға жуық айыппұл салынды

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі Қазақстанда күріш бағасы 39% өскенін мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Информбюро 31 бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

күріш

Қызылорда облысында 20-дан астам күріш өндіруші болса да, жыл өткен сайын дақылдың құны шарықтап барады. Мәселен, 2022 жылы өнім бағасындағы өсім 36% болса, өткен жылы 39%-ға дейін жеткен. Мамандар бұл 3,4% әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының өсу деңгейінен айтарлықтай асқанын айтады.

Күріш өндірісіне қатысты тергеу бастаған бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің мамандары Қызылорда облысындағы 6 тұлғаның сөз байласу арқылы бағаны негізсіз көтергенін анықтады. Олар әкімшілік жауапкершілікке тартылып,  68,7 миллион теңге айыппұл арқалады. Ал дүкен иелерінің айтуынша, бағаның өсуіне көтерме сату нарығында күріш құнының жыл сайын артуы себеп болған.

“Біз күріштің сұрыпына қарай оны әртүрлі бағада сатып аламыз. Орта есеппен алғанда бір жыл бұрын келісі 1000 теңге тұратын күріштерге қазір 300 бен 500 теңгенің арасында қосылды. Бағаны біз реттемейміз. Тауар қымбат келсе, біздің аз-маз қосқанымызбен тағы да құны өсе түседі. Сонымен бірге күріш бағасының өсуіне тағы да бірнеше фактор әсер еткен. Мәселен, судың жетіспеушілігі, тыңайтқыштар мен қаптама материалдардың қымбаттауы да дақыл құнын қымбаттатқан. Нарыққа зерттеу жүргізген бәсекелестікті дамыту агенттігінің мамандары ауылшаруашылығы министрлігіне шаруаларға қолайлы жағдай жасау туралы ұсыныстар жіберген”, – дейді дүкен сатушысы Зиягүл Мұздыбаева.

Еліміздегі күріштің 90%-ы Қызылорда облысында өсетіндіктен, облыста баға тұрақты. Алайда Қазақстанның басқа аймақтарында дақыл құны айтарлықтай қымбаттаған. 

“Монополияға қарсы орган ауылшаруашылығы министрлігіне субсидиялар бөлу кезінде күрішті басым дақылдар тізіміне енгізу, Оңтүстік өңірлерді сумен қамтамасыз ету жөнінде жоспарлауды ұйымдастыру, күріш өндірушілерге жеңілдетілген несиелер үлесін арттыру, күрішті бөлшек сауда желілерімен тікелей сатып алу және тыңайтқыштар мен қаптама материалдарға отандық өндірісін дамыту жөнінде арнайы ұсыныстар енгізді”, – дейді ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің баспасөз хатшысы Нұржан Сәдірбай. 

Талқылау