Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Елімізде қойнауы қазба байлыққа толы 100 жер учаскесі сатылымға шығарылады

Биыл жазда пайдалы қазбасы 100 жер учаскесі сатылымға шығарылады. Бұл туралы «Майнекс» форумында ҚР Инвестициялар және даму вице-министрі Тимур Тоқтабаев айтты.

1374573113_025

Бұл туралы baq.kz хабарлайды.

«Биыл жаз мезгілінде шамамен 100 жер учаскесі аукционға шығарылады. Осы айдың ішінде біз ақпаратты ресми түрде хабарлаймыз. Бұл аумақтың қанша сомаға сатылатындығы аукционда белгілі болады. Яғни,Салық кодексінде көрсетілгендей алдымен баға төменнен басталады. Кейін өсе береді. Кен орындарына қатысты ақпараттарды Геология және жер қойнауын пайдалану комитетінің сайтынан ала аласыздар», – деді ол.

Осыдан кейін вице-министр 8-рет ұйымдастырылып отырған «Майнекс» форумында қандай мәселелер қаралып жатқандығына тоқталды.

«Біздің кодекс (Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы – автор) инвесторларға жағдай жасауға бағытталған. Алайда, бізде минералды шикізат көздерін өндіру бойынша кедергілер бар. Біз қазіргі таңда осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Геологиялық кен орындарын барлау жұмыстары үлкен тәуекелді талап етеді. Компаниялар жұмсалған шығынды бірден өндіріп ала алмайды. Сондықтан, азаматтар геологиялық барлау жұмысына әбден ойланып барып кіріседі», – деді ол.

Сонымен қатар, Тимур Тоқтабаев алдағы уақытта атқарылатын жұмыстарға тоқталды.

«Елімізде тау-кен саласында 9 жыл дағдарыс болды. Ал әлемде геологиялық барлауға инвестиция тарту бірнеше есе төмендеді. Бірақ, Қазақстанда бұл салаға инвестиция тарту сақталды. Дегенмен, бұл аз. Сондықтан, Үкімет осы салада кешенді жұмыстар жүргізіп жатыр. Мақсат – жаңа геологиялық барлау жобаларына инвесторлар тарту. Бұл үлкен тәуекелді қажет етеді. Сондықтан біз (инвесторларға – автор) нақты кепілдіктер береміз. Әкімшілік рәсімдерді азайтамыз. Жұмыстың ашық жүргізілуіне жағдай жасаймыз», – деді министр.

Алайда «Тау-кен өндіруші және тау-кен металлургия кәсіпорындарының республикалық қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің атқарушы директоры Николай Радостовец тау-кен саласында жаңадан қабылданатын заңның кейбір тұстарын майшаммен қарау керек деген пікірде.

«Форум барысында «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» кодекстің жобасы талқыланып жатыр. Бірақ, аталмыш құжат бойынша біраз мәселені талқыға салу керек. Жаңа заң елімізге инвестиция тартуға мүмкіндік беруі қажет. Яғни, Қазақстанның жер қойнауы зерттелетін болады. Елімізде кен орындарын ашып, оларды тиімді игеретін азаматтар қажет. Алайда осы салада жұмыс істеп жатқан компанияларда сұрақ көп», – деді ол.

Атқарушы директор өз алаңдаушылығын былайша түсіндірді.

«Осыған байланысты біздің қауымдастық министрлікке (ҚР Инвестициялар және даму министрлігі – автор) бірнеше сауал жолдап отыр. Яғни, жаңа кодекс күшіне енсе, компаниялар тау-кен саласына еркін кіріп, лицензияны оңай жолмен алады. Кейін ол компания кен орнын 10 жыл иелігінде ұстап, өзіне тиісті жұмыспен айналыспайды. Себебі, Қазақстандағы кейбір кен орындарында осындай оқиғалар тіркелген. Сондай-ақ, жер қойнауын игеру бойынша осыған ұқсас деректер кездеседі. Олар биржаға шығып, алып-сатарлықпен айналысады. Яғни қаржысы жоқ, тәжірибесі аз компаниялар жер қойнауын игеруге рұқсат беретін лицензияны оңай жолмен алып кетпей ме?», – деп алаңдаушылығын білдірді Николай Радостовец.

Талқылау