Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

275 мың мемлекеттік қызметкердің жалақысы жанама түрде 35 пайызға артады

Жыл басындағы ең маңызды әлеуметтік жаңалық. Ақжолтай хабар. Ең төменгі жалақы мөлшері көтерілді. Барлығына бірдей емес. Еліміздің 1 млн 300 мыңдай тұрғыны бұған дейін 28 мың теңгеге өлместің күнін кешіп келген екен. Енді бір жарым есеге артып отыр.

Бәрібір де сол өлместің күні. Айлықтың артқанын қайтейін, шайлықтың шаруасы шыға келмей ме. Базардағы бағам. Жылдың алдында шамадан тыс шарықтаған бағалар әлі де түскен жоқ, деп хабарлайды Евразия арнасы.

Десе де мамандар ең төменгі жалақы мен зейнетақының сондай-ақ басқа да әлеуметтік төлемдер мөлшерінің ұлғаюы әлеуметтің әл ауқатына едәуір сеп деп отыр. Сонымен кім қанша алатын болды?

«Жалақының ең төменгі мөлшері бір жарым есеге артып 2018 жылғы көрсеткішке сәйкес қазіргі таңда 42500 теңгені құрады. Бұл көрсеткіш 2018 жылы 24284 теңгені құрайтын болатын» – дейді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бас мемлекеттік еңбек инспекторы Бауыржан Бейсембаев.

Сонымен, бақандай бір жарым есе өсіпті. Бірақ сүйінші деуге ауыз бармайды ау. 42500 тг дегеніміз не?

Ол қайнақ суға салып бұқтыра салатын кеспенің әрқайсын орташа 200 теңгеден есептесек, 220 данасы. Келісін 2000 теңгеден алсақ 22 килограмм сиыр еті. 132 дана жұмыртқа, 200 литр айран, немесе жатақханадан бір бөлме жалдау құны. Келтіре берсең мысал көп.
Бәленше Түгеншеқызы Елорда мектептерінің бірінде кітапханашы. 20 жылдан аса осы салада тер төкккен маманның табысы әлбетте ең төменгі жалақыдан көп. Десе де былтырғы президент жолдауының іске асуын биыл ол ерекше шат көңілмен күтуде.

«Күнкөріс деңгейіміз жалақыға тіреліп тұрған кезде халық жалпы жақсы қабылдады. Менде сол елбасының жолдауын қуанышпен жақсы қабылдаған адамдардың бірімін. Қалтамызға түсетін қаржыны есептеп, анда жұмсасақ андай болса, мында жұмсасақ мындай жалақы қалтамызда қалады екен ғой деп. Айдың соңы қашан болады екен деп қатты күтіп жүрміз сол.
Кітапханашының қуанышына ортақпыз. Айдың соңын қайдам, кімнің қанша алатыны қазірден белгілі. Сонымен сандарға салсақ шамамен былай» – дейді кітапхана қызметкері Алмагүл Қуандыққызы.

Ең төменгі жалақы 2019-2021 жылғы Республикалық бюджет заңына сәйкес енді 42500 тг болып белгіленіп отыр. Оны елімізде осыған дейін 28 мың теңгені көзіне тамызып келген 1 млн 300 мыңдай адам тікелей алады. Мұның сыртында бюджет саласында еңбектенетін 275 мың адамның жалақысы жанама түрде 35 пайызға артпақ.

«Жаңадан бекітілген ең төменгі жалақы мөлшерінен төмен болатын азаматтық қызметшілердің жекелеген санаттарында жалақысы олардың тиісті коэфиценттерін жоғарылату арқылы арттырылды. Бұл шамамен 275 мың азаматтық қызметшілерді қамтитын болады. Олар Еңбек өтілі аз, санаты жоқ, білімі орта әкімшілік және техникалық персоналдар» – дейді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі еңбекақы төлеу басқармасының бас сарапшысы Айнұр Ермаханова.

«Солардың айлығы ең кіші айлығы, анау бір базалық айлық деген, 17 мыңнан есептелетін. Сол анау 28 мыңнан кем болмау үшін онгы бір коэфицентке көтеріп, сол 35-40 мыңдық айлықтар көп еді бізде. Сол 28 мыңнан кеп шығушы еді. Соны енді 42-ге көтергеннен кейін сол жаңағы еден жуатындардың, айлығы да бір 60-70 мыңға көтерілетін болады» – дейді экономист Сапарбай Жұбаев.

Бұдан бөлек айлықтары ең төменгі жалақыдан көп, тағы 300 мыңдай азаматтық қызметшінің еңбекақысы 2-5 пайыз шамасында өседі. Бұл бюджет саласындағы жағдай. Енді. Басқа салаларға келсек. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі өткізген зерттеулерге сәйкес жеке секторда еңбектеніп жатқан 477 мың Қазақстандықтың жалақысы жаңағы 42500 ге де жетпейді екен. Сондай ақ 2250 ірі кәсіпорында 1 млн 871 адам жұмыс істесе, оның 645 мыңы 80 мың теңгеге дейін, 176 мыңы 80 мен 100 мыңның арасында, ал 163 мың адам 100 ден 120 мың теңгеге дейін айлық алады екен.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау ведомствосымен жұмыс берушілер арасында салалық келісімдер жасалып, 22 бағыт бойынша салалық коэфиценттер арқылы жалақыны көтеруге қол жеткізіліпті. Мұның сыртында жұмыс берушілер аз жалақы алатын жұмыскерлерінің айлығын шамамен 15-20 пайызға көтеруге міндеттеме де алыпты. Министрлі өкілінің айтуынша ол үшін барлық облыс орталықтарында арнайы штабтар құрылған екен.

«Штабтардың ақпаратына сәйкес қазіргі таңда жалақыны өсіру бойынша, жаңағы ең төменгі емес, жалақысы аз жұмыскерлердің жалақысын өсіру бойынша 130 мыңға жуық жұмыс беруші өзіне міндеттеме алып отыр қазіргі таңда. Ол кәсіпорындарда, яғни 130 мың кәсіпорында 700 мыңнан астам жұмыскерлер жасайды» – дейді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бас мемлекеттік еңбек инспекторы Бауыржан Бейсембаев.

Әдетте қарапайым адамда сұрақ туындайды. Төмен жалақы алатындардың барлығын неге бірдей көтеріп тастамасқа? Неге біреуге 1 жарым есе, басқасына айталық 5-10 пайыз?

«Себебі бұл жерде жаңағы мен айттым, 1.2 млн адам жұмыс істейтін болса, олардың айлығының барлығын 35 не 40 пайызға көтеретін болса, бір трлн тг ақша керек екен. Өзі бюджетіміздің барлығы 9 трлн. Соның айлыққа кететіні 3 жарым 4 жарым трлн болса соны бірден трлнға көтеруге қазақстанның бюджетінің шамасы жетпейді» – дейді экономист Сапарбай Жұбаев.

Солай-ақ болсын. Енді бір мәселе. Әр жыл сайын қайталанып отыратын үрдіс. Білетіндер биыл да қайталанады деп топшылайды.

«Жыл сайын үкімет жалақыны, зейнетақыны, әлеуметтік көмектің деңгейін мөлшерін көбейткен сайын, базардағылар соны аңдып отырады. Яғни біледі. Бюджеттік мекемелердің, шенеуніктердің немесе зейнеткерлердің қолға алатын ақшасы өскен сайын базар сол күні соған жауап беріп отырады» – дейді саясаткер Әміржан Қосанов.

Бағаның қымбаттап жатқанын базардағы дүкеншілер де растайды. Қарапайым мысал. Мәселен балаларға арналған мына шырын. Былтыр ол 83-87 теңгеден келетін. Тиісінше сатушы оған өзінің 20 пайызын қосып, нәтижесінде бұл 100-105 теңгеден сатылатын. Қазір ол 97 теңгеден келіп жатыр. Ал сатушы 20 пайызын қосқанда оны 117 теңгеге сатуы керек. Бірақ ол өтпейді, себебі қымбат.

Нәтижесінде дүкеншілердің өздері пайдадан қағылуда. Тұтастай алғанда ең төменгі жалақының өсуі халықтың төлем қабілетін арттырып, сәл де болса экономикалық белсенді болуына сеп деп санайды сарапшылар. Бірақ.

«Қарапайым халықтың кошелегіне әсерін тигізетін барлық тұрмыстық заттардың, коммуналдық шығындардың, т.б мынау халықтың қалтасынан төленетін қаражаттардың шығындарының санының асып кетпеуіне жағдай жасауымыз керек.

Сонымен ең төменгі жалақы көтерілді. Бұдан бөлек зейнетақының да ең төменгі мөлшері шамамен 3 мың теңгеге өсіп, 36 мың 108 теңгені құрап отыр. Біз ең төменгі айлық кімге тиесілі екенін түсіндік. Ақпарат ретінде тілге тиек ете кетсек, жұмыскерлер арасында ең жоғарғы жалақыны кімдер алады?» – дейді экономист Бауыржан Ысқақов.

«Статистика комитетінің ресми сайтындағы деректерге қарайтын болсақ экономикалық салалар бойынша ең жоғарғы жалақы теңіз және су көлігі жағалауындағы жүк көлігі саласындағы қызметкерлердікі көрсетілген. Бұл 2018 жылғы 9 айдың қортындысы бойынша. Шамамен 701 мың деп көрсетілген» – дейді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі еңбекақы төлеу басқармасының бас сарапшысы Айнұр Ермаханова.

Сонымен, төменгі жалақы өсті бірақ, ол бөрікті аспанға атуға себеп бола алмайды. Өйткені 30 мың алып күнелткен жандар енді 40-50 мыңға қол жеткізіп, ауыздары аққа тиеді деп айтуға қақымыз жоқ. Тек мына сөз көптің көңіліне медеу екенін анық аңғарамыз.

«Зарплатама 7 мыңдай ғана қосылады екен. Енді …шүкір ғой. 7 мыңды біз өзі құдайға тәубә деп шүкіршілік ететін халықпыз ғой. Бұны бермегенде не істер едік?!» – дейді кітапхана қызметкері.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Талқылау