Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Елімізде қазақ тіліндегі мәтінді дыбысқа айналдыратын Telegram-бот іске қосылды

Елімізде “Тіл-Қазына” КЕАҚ-ның IT-мамандары қазақ тіліндегі мәтінді дыбысқа айналдыратын Telegram-бот әзірлеп, іске қосты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Елдегі мәтінді дыбысқа айналдыратын бот жайында ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек өзінің Telegram-арнасында жазды. Сөзіне сүйенсек, бұл инновациялық бот коммуникация саласындағы үлкен жаңалық және ерекше қажеттілігі бар адамдар үшін, сондай-ақ қазақ тіліндегі ақпаратқа тез қол жеткізгісі келетіндерге жаңа мүмкіндіктер береді.

“Microsoft Azure интеграциясы арқылы Telegram-бот қазақ тілінде жазылған мәтінді жоғары деңгейде дыбысқа айналдырып, түрлендіре алады. Бұл қазақ тіліндегі кітаптарды, жаңалықтар мен мақалаларды, оқу материалдарын және басқа да мәтіндерді әр түрлі жағдайда пайдалануға мүмкіндік туғызады. Осыған орай, пайдаланушылар аталған ботты өз контактілеріне қосып, оған бірден қазақ тіліндегі мәтінді жіберу арқылы жаңа функционалды қолдана алады”, - деп жазады министр. 

Сонымен қатар ол ботты Телеграмм каналында @kztts_bot атауы арқылы табуға болатынына да тоқталған. 

Бот мәтінді жылдам әрі сапалы дыбыстап, пайдаланушыға аудиофайлды кез-келген уақытта тыңдай алатындай етіп қайта жолдайды.

Олжас Нұржақып
Бейсенбі, 25 Мамыр, 2023 17:43
Талқылау