Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Елімізде қауіпсіздік күштері 177 миллион теңгеге жуық қаржыға үш көлік сатып алған

Фото: motorbiscuit.com

Елімізде қауіпсіздік күштеріне тәркіленген сәнді көліктерді қайтарып, жаңаларын сатып алуға рұқсат берілген сияқты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі За нами уже выехали Telegram-арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Себебі Мемлекеттік сатып алу сайтында әрқайсысы 58 миллион теңге тұратын үш көліктің тізімі табылған. Онда нақты бренд пен модель көрсетілмеген. Бірақ техникалық сипаттамалары егжей-тегжейлі жазылған. Сонымен қауіпсіздік күштері мынадай көлікке тапсырыс берген екен:

  • V8 қозғалтқышы, кемінде 6,1 литр;
  • 10 жылдамдықты беріліс қорабы;
  • Өлшемдері мм: кемінде 5367 (ұзындығы) / 2058 (ені) / 1940 (биіктігі);
  • 24 дюймдік дискілері бар жазғы шиналар.

Фото: goszakup.gov.kz

Көлік жайлы болу үшін мынадай артықшылықтары болу керегі де айтылған:

  • Гидродинамикалық руль;
  • Үш аймақты климаттық бақылау;
  • Былғары руль;
  • Панорамалық люк;
  • Екінші қатардағы бөлек орындықтар;
  • Сымсыз зарядтау;
  • 11 дюймнен кіші емес аспаптық дисплей;
  • 17,7 дюймнен кіші емес мультимедиялық дисплей (17,6 бірдей емес);

Фото: goszakup.gov.kz

Осы нақты сипаттамалар мен бағаға қарағанда, департамент үш Chevrolet Tahoe сатып алмақ. Ол үшін ведомство бюджеттен 176,7 миллион теңге бөліпті.

Фото: goszakup.gov.kz

Ақпараттың анық-қанығына көз жеткізу үшін Stan.kz тілшісі Ішкі істер министрлігінен мән-жайды сұрады. Министрлік мәліметінше, 3 көлікті елордалық полиция департаменті сатып алмақ.

“Астана қаласы полиция департаменті жергілікті бюджет қаражаты есебінен 3 бірлік автокөлік құралын сатып алуды жоспарлады. Қазір мемлекеттік сатып алу рәсімдері жүріп жатыр. Көрсетілген көлік құралдары күзетілетін адамдар мен объектілердің, ресми делегациялардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі іс-шараларды іске асыру мақсатында полицияның Арнайы батальоны үшін алынады”, – делінген хабарламада.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстандықтар енді көліктердің тіркеу нөмірлерін өздері таңдай алатыны туралы жазған едік.

Нұрила Жұмаділлә
Дүйсенбі, 02 Ақпан, 2026 12:47