Елімізде доллар бағамы 400 теңгеге дейін төмендеуі мүмкін бе: Ұлттық банк жауап берді

Ұлттық банк төрағасы елімізде доллар бағамы 400 теңгеге дейін төмендеуі мүмкін бе деген сауалға жауап берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Тимур Сүлейменовтің айтуынша, теңге бағамы еркін өзгермелі режимде қалыптасады. Оның төмендеуі я өсуі экспорттық түсім, сұраныс пен ұсыныс сияқты нарық факторларына байланысты дейді.
“Бағам еркін өзгермелі болғандықтан, теориялық тұрғыдан бәрі мүмкін. Алайда шынайы сценарийлерде доллардың 400 теңге болуы қарастырылып отырған жоқ”, – деді Сүлейменов.
Таяу Шығыстағы жағдай теңге бағамына әсер ете ме: Ұлттық банк төрағасы жауап берді
Ескі үлгідегі 10 мың теңгелік банкнотаның айналым мерзімі ұзартылды
Оның сөзінше, мұндай деңгейге жету үшін ел экономикасының құрылымы айтарлықтай өзгеруі керек.
“Экономика мен өнеркәсіп экспортты арттырып, импортты едәуір қысқартуы қажет. Сонда ғана теңгерім 400 теңге деңгейінде қалыптасуы мүмкін. Сондықтан біздің болжамдық сценарийлерде мұндай көрсеткіш қарастырылмаған”, – деді Ұлттық банк басшысы.
Сүлейменов қазір теңге бағамы доллар үшін шамамен 500 теңге деңгейінде екенін айтты.
Оның айтуынша, нарықтағы құбылмалылық 5-7% шамасында болған жағдайда айтарлықтай тұрақсыздық байқалмайды. Ал егер нарықта күрт өзгерістер болса, Ұлттық банк тиісті шаралар қабылдайды.
“Бағам нарықтағы сұраныс пен ұсыныс теңгеріміне қарай қалыптасады. Егер құбылмалы жағдай болса, күрт ауытқуларды жұмсарту үшін валюталық интервенциялар қолданамыз”, – деді Сүлейменов.
Айта кетейік, бұған дейін Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 18% деңгейінде сақтап қалғаны туралы жазған едік.
Алматылықтарға жер сілкінісінен қорғайтын арнайы "қауіпсіздік торы" ұсынылды