Елімізде дәрігерлердің жетіспеуінен сырқаттар қараусыз қалып жатыр
Елімізде дәрігерлер жетіспейді. Осының кесірінен сырқаттанған жандар дер кезінде көмек ала алмай, қиналуға мәжбүр. Тіпті, бір маман екі-үш адамның жұмысын қатар атқарғандықтан, арты ажалға соқтырар түрлі қателіктер де көбейген, деп хабарлады КТК.
Фото: enbek.gov.kz
Әсіресе, аймақтарда жас мамандардың жетіспеуін шенеуніктер оларға жағдайдың жасалмауымен түсіндіреді. Ал, олқылықтың орны қайтсе толары белгісіз.
Ыбраевтар отбасының кенжелері Аман мен Есеннің екі жыл бұрын көздері қылилана бастапты. Биыл олар квота бойынша Астанада ота жасатқан. Ал, операциядан соң жіптерін алу ақылы екен. Елорадық дәрігерлер бұл қызметті жергілікті мамандар тегін көрсетеді деп үйлеріне қайтарыпты.
“Балалардың көздеріндегі жіпті бір ай бойы алдыра алмадық. Талап бойынша бұл шара он күнде жасалуы тиіс. Жергілікті дәрігерлер «балалар анестизиологы жоқ» деп созбалаңға салды. Ұлдарым түнде жатса да, таңертең тұрса да жылап, мазаланып жүрді”, – дейді Петропавл қаласының тұрғыны Уәлихан Ыбраев.
Отбасы Астанаға қайта-қайта телефон шалған соң ғана бұл мәселе жуырда шешілген. Балалар анестизиолыгын басқа ауруханадан алдырған мамандар егіздердің көзін отадан қалған жіптен арылтыпты. Бұған, бірінші кезекте маман тапшылығынан себеп дейді шенділер. Қазір облыс бойынша 316 дәрігер жетіспейді.
“Неанатолог, құлақ мұрын, көз дәрігерлері жетіспейді. Әсіресе, ауылдық жерлерде жағдай қиын. Әр ауданда кем дегенде бес-алты дәрігерден тапшы”, – деді СҚО денсаулық сақтау басқармасының басшысы Владимир Безлер.
Ауылдық жерлерде жас дәрігерлерді ұстап қалу үшін қазір түрлі әлеуметтік жобалар жасалуда. Мысалы теріскейге келіп, дәрігер болған жанға жарты миллион жәрдемақы мен бір жарым миллион теңге баспанаға деп ақша беріледі. Бірақ осының өзінде бұған қызығып келіп жатқан маман жоқ. Ал өзге аймақтарда мұндай көмек мүлде қарастырылмаған.
“Дәрігер жетіспеушілігінің негізі себебі жергілікті жерлерде, әсіресе ауылдарда оларға әлеуметтік көмек көрсетілмейді. Сондықтан мамандар тұрақтамайды. Біздегі мәлімет бойынша жоғары оқу орнын бітіргендердің 92 пайызы өз мамандықтары бойынша қызметтерін бастайды. Алайда олардың жартысы осындай көмек көрмегендіктен жұмыстарын тастап кетіп қалады”, – дейді ҚР Денсаулақ сақтау министрлігінің департамент басшысы Айгүл Қаптағаева.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, елімізде жалпы 3 мыңнан астам дәрігер жетіспейді екен. Ең қиын жағдай Қазақстанның солтүстігі мен батысында. Мәселен, Қостанайда 190, Солтүстік Қазақстанда 316 дәрігер жетпесе, Маңғыстауда 338 маманның орны бос. Алматы қаласы бойынша бұл көрсеткіш 265, Елордада 221 маман тапшы.
Бұл тығырықтан шығу үшін аймақтардағы шенділер жыл сайын медициналық жоғары оқу орындарырың студенттерімен кездесіп, өз облыстарына шақырады. Солтүстік Қазақстанға да биыл 90 маман келеді деп күтілуде. Олар мемлекет есебінен білім алғандықтан, жолдама бойыша жұмыс істеуі тиіс. Бірақ оның мерзімі біткен соң, маманның бұл жерде қалу-қалмауы екіталай.
Оқи отырыңыз:
ОҚО-да 5 баланың анасы ұлын аяусыз ұрып, мүгедек қылып қойды (фото)
Маңғыстауда акушер жол бойындағы дәмханада жүкті әйелді босандырып алды