Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Елімізде covid-ке қарсы тегін екпе кімдерге салынады

Еліміздегі 2 миллионнан астам азаматқа covid-ке қарсы тегін екпе жасалады. Тек ол вакцина әлі ойлап табылмаған. Соған қарамастан сатып аламын деушілерге бір екпесінің құны 4-7 мың теңгенің айналасында болады деп Халықаралық вакцина және иммунизация альянсы бекітті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеп хабарлайды. 

Альянсқа біздің ел де мүше. Алдын ала келісім бойынша, өзге елдің ғалымдары бірінші болып вакцина ойлап тапса, Қазақстанға жалпы тұрғындардың 20 пайызына жететін екпе жеткізіледі екен.

2 миллион 182 мың азаматқа вакцина тегін жасалады. Бірақ, әзірге әлемнің еш мемлекетінде covid-ті ауыздықтайтын дәрі ойлап табылмаған. Еліміздегі биологиялық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу институтында коронавирусқа қарсы шығарылған вакцина клиникалық зерттеуден өтіп жатыр. Ол екпені отандық 7 ғалымға жасаған.

Қазір олардың жағдайы жақсы, вакцинаның еш кері әсері байқалмапты. Егер сәтті болса, қыркүйекте еріктілерге егу жоспарланып отыр. Отандық вакцина мақұлданған жағдайда, құрылысы басталып кеткен иммунобиологиялық препараттарды шығаратын зауытта өндіру көзделген.

2020 жылдың желтоқсанында салынып бітетін зауыттың қуаттылығы жылына 60 миллион екпені құрайды. Ал әзірге коронавирустан тегін екпе алатындардың тізімі ғана әзірленген.

"Бұл топқа кіретін адамдар: созылмалы ауруы бар, сонымен қоса 65 жастан асқан, жүрек-тамыр жүйесі ауыратындар, қант диабетіне шалдыққандар және өкпесі ауыратын адамдар. Сонымен қоса бүкіл елдегі медицина саласында жұмыс істейтін қызметкерлер", - дейді денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметов.

Талқылау